Қазақстан Өзбекстанмен бірге кино түсіруді қолға алады - министр

24 Маусым 2023, 15:17
1290
Бөлісу:
Қазақстан Өзбекстанмен бірге кино түсіруді қолға алады - министр
Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбековпен кездестім. Екіжақты кездесуде мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқыладық. Кездесу нәтижелі болды. Атап айтқанда, кино саласында бірлескен жобаларды іске асыруды, соның ішінде бірлесіп фильмдер шығаруды, отандық кинокартиналарды өзбекстандық прокатқа шығаруды, сондай-ақ көрші елдің сериалдарын бізде, біздің сериалдарды көрші елде көрсету мәселесін талқыладық, – деді Асхат Оралов.

Министрдің айтуынша, Озодбек Назарбеков екі елдің бір-бірін бәсекелес емес, серіктес ретінде танып, түрлі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруы тиіс екенін атап өтті.

Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасында кіретін туристік ағын туралы өзара деректер алмасуды ұйымдастыруды ұсынды. Ұсыныс өте қызықты болғандықтан қабылданады. Өз тарапымнан Орталық Азияның басқа елдерімен бірлесіп әзірленген «Бір тур – бір өңір» бағдарламасына Қазақстанның тағы бірнеше қалаларын: Тараз, Түркістан, Ақтау және т.б. қосуды ұсындым. Қазір тізімде Алматы, Астана және Шымкент бар, – деді министр.

Сондай-ақ Оралов екі ел арасындағы құрлықтағы өткізу пункттерінде чартерлік туристік автобустардың кедергісіз өтуі үшін ерекше жағдайлар жасау мәселе көтергенін айтады.

Әріптесіме Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға және өткізуге көмектескені үшін алғыс білдірдім. Барлық жоспарланған іс-шаралар тиісті деңгейде өтті, ал өзбекстандық өнерсүйер қауым біздің артистеріміздің қойылымдарына риза болды деп сеніммен айтуға болады, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы