Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалы артып келеді

13 Қараша 2026, 10:50
АВТОР
 ҚТЖ 13 Қараша 2026, 10:50
13 Қараша 2026, 10:50
119
Фото: ҚТЖ

2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 31,8 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы он айында екі ел арасында 29,4 млн тонна жүк тасымалданған. Биыл тасымал көлемі екі бағытта да өскен.

Қытайдан жеткізілген жүк көлемі 9%-ға артты

Қаңтар-қазан айларында Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 9%-ға жоғары.

Оның ішінде Достық шекаралық станциясы арқылы 5 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы жеткізілген жүк көлемі 6%-ға артып, 7,1 млн тоннаға жетті.

Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді

Қазақстаннан Қытайға бағытталған жүк тасымалы да ұлғайған. Он айда осы бағытта 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп.

Достық станциясы арқылы тасымал көлемі 12%-ға өсіп, 13,1 млн тоннаға жетті. Ал Алтынкөл арқылы 6,6 млн тонна жүк жөнелтіліп, өсім 1%-ды құрады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, тасымал көлемінің артуына екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды дамыту жұмыстары ықпал еткен.

Халықаралық теміржол қатынасын одан әрі дамыту үшін шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, өткелдердің өткізу қабілетін арттыруға және логистикалық процестерді жетілдіруге басымдық беріліп отыр. Бұл шаралар жүк ағынын ұлғайтып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Наверх