Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстері көбейеді

10 Қараша 2023, 20:09
723
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстері көбейеді
Фото: Көлік министрлігі

Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында визасыз режим қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, осы ретте Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде отандық әуекомпаниялармен бірлесіп жолаушылар тарапынан туындап отырған сұранысты қанағаттандыру мақсатында екі ел арасындағы рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Осылайша «Эйр Астана» әуекомпаниясы жолаушылар ағынының артуына байланысты бірнеше бағыт бойынша рейстер санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Алматы-Пекин бағытында аптасына 6 рейстен 7 рейске дейін; Астана-Пекин бағыты бойынша аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін; Алматы-Үрімші бағытында аптасына 2 рейстен 7 рейске дейін ұлғайтылады.

Сонымен бірге келесі жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясы Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа қытайлық Air Logistics жүк әуекомпаниясы қараша айынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша жүк тасымалына арналған тұрақты рейстерді іске қосуды көздеп отыр.

Осы ретте бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 27 рейс орындалатынын айта кеткен орынды. Оның ішінде, «Алматы-Пекин» бағытында («Эйр Астана») – аптасына 6 рейс; «Астана-Пекин» («Эйр Астана») – 1 рейс; «Астана-Үрімші» (Fly Arystan) – 2 рейс, China Southern Airlines – 2 рейс; «Алматы-Үрімші» («Эйр Астана») – 2 рейс, China Southern Airlines – 7 рейс; «Алматы-Сиань» (China Southern Airlines) – 2 рейс; «Астана-Сиань-Пекин» (Air China) – 2 рейс; «Алматы-Ханчжоу» (Loong Airlines) – 3 рейс.

Жалпы Қазақстан мен Қытайдың авиациялық билік өкілдерінің арасындағы келісімге сәйкес екі елдің әуекомпанияларына аптасына 84 рейс орындауға рұқсат етілген.

Өзгелердің жаңалығы