- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті тереңдете түседі: Мемлекет басшысы маңызды бағыттарды атады
Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті тереңдете түседі: Мемлекет басшысы маңызды бағыттарды атады
Қазақстан мен Корея бірлескен стратегиялық жобаларды іске қосады.
15 Қыркүйек 2026, 15:14
Қазақстан мен Корея энергетика, тау-кен өндірісі, логистика және жасанды интеллект салаларындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары мен нақты жобалары талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тез дамып келе жатқан секторы саналатынына назар аударды.
Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз. Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ. Ғалымдардың ортақ ізденісінің нәтижесінде ресурстық базаны зерттеу жұмыстары нақты өнеркәсіп жобасына ұласады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент екі елдің ынтымақтастығында энергетика саласы da маңызды екенін атап өтіп, кореялық компаниялардың Қазақстанның энергетика секторына қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарады. Аталған жобаны кореялық компаниялардың біздің нарықта стратегиялық тұрғыдан ұзақмерзімді тұрақтап қалуына септігін тигізетін бастапқы қадам ретінде қарастырамыз. Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ортақ күн тәртібіндегі көлік және логистика саласының өзектілігіне назар аударды. Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы осы географиялық артықшылықтың игілігін көруді көздейді.
Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын. Қазақстан елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын. Қазақстандық Shin-Line компаниясы мен Lotte Global Logistics осы саладағы серіктестік жоспарын іске асыра бастағаны қуантады, – деді Президент.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
Еліміздің жасанды интеллект саласындағы стратегиясында адам капиталы негізгі рөл атқарады. Технологиялық көшбасшылық, сайып келгенде, адамдарға және олардың инновацияны игеру қабілетіне байланысты. Осы орайда Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге Қазақстанда алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жоғары бағалаймыз. Біз Еуразиядағы ең ірі деректер өңдеу орталықтарының экожүйесін қалыптастыруға кірістік. «Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Оған арнайы жер телімі бөлінеді және ұлттық суперкомпьютер қуатымен ұштастыруға мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мақсат – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру.
Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады. Осы ретте Samsung Electronics және SK Hynix секілді саланың әлемдік көшбасшыларымен нақты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол, – деп атап өтті Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Кореяның іскерлік топ өкілдеріне Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді. Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары мен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.
Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, екі елдің серіктестігін ілгерілететін перспективті бағыттардың бірі – қаржы секторы. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды.
Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жеткізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары сапалы тауарлардың экспорт көлемін ұлғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнеркәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Lotte Қазақстанның танымал шоколад брендтерінің бірі «Рахат» компаниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады. Біз аталған ықпалдастықты жоғары бағалаймыз және табыстарымыз еселене береді деп сенеміз, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын дамытудың маңызына баса мән берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея университеттері 230-дан аса келісім жасасып, академиялық байланысты кеңейте түсті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында инвестициялық серіктестікке мүмкіндік мол деп санайды. Әсіресе, медициналық инфрақұрылым, фармацевтика, биотехнология және медициналық құрылғы өндірісі басым бағыттар ретінде аталды.
Жиын барысында Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук, Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің корей тарапынан тең төрағасы Юн Джин Шик, Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Нұрлан Жақыпов, Samsung Electronics компаниясының атқарушы вице-президенті Джо Сонг Чжэ, Shinhan Financial Group төрағасы Чжин Ок-Дон, CONTEC Co Ltd компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Ли Сунг Хи, сондай-ақ Кореяның геологиялық және минералды ресурстар институтының (KIGAM) президенті Квон И Кюн сөз сөйледі.
Президент сөз соңында ондаған жылдар бұрын Корея экономиканың басты салалары бойынша әлемде көш бастап, соны серпіліс жасағанына назар аударды.
Қазір Қазақстан түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жаңа салаларды, технологияны, зерттеу әлеуеті мен адам капиталын дамытуға күш салып жатырмыз. Бүгінгі кездесу және қол қойылған келісімдер анағұрлым ауқымды серіктестікке тың серпін береді деп сенемін. Корея бизнесін Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырамын. Қазақстан Үкіметі Корея кәсіпкерлерінің еліміздегі әрбір пайдалы бастамасына жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Корея сауда айналымын екі есе арттыратыны хабарланды.
Сондай-ақ, Президент Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.
Ең оқылған:
- Жамбыл облысында вагон алмақ болған азамат 22 млн теңгесінен айырылды: Күдіктілер ұсталды
- Атырау әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті
- Аралда учаскелік полиция инспекторын өлтірді деген 39 жастағы күдікті қамауға алынды
- Алматыда 15-18 қыркүйек күндері қай аудандарда жарық өшеді?
- Күріш, балық, қауын-қарбыз: Астанада Қызылорда жәрмеңкесі өтеді