Президент Премьер-министрге қазақ-корей кәсіпкерлерінің дөңгелек үстеліне қатысқаны үшін алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы жиын аясында қол қойылатын маңызды құжаттар екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдете түсеріне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңмен жүргізетін келіссөздердің маңызына ерекше назар аударды. Бұл кездесу екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы жаңа кезеңге жол ашады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтер арасындағы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.
– Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін көлемді ұлғайтып қана қоймай, сауданың құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары тауарлар номенклатурасын кеңейте түсу қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп білемін. Сонымен қатар локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды деп санаймын, – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның Кореямен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін растады.
Премьер-министр Хан Сон Сук Корея Республикасы өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
– Президент мырза, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын, – деді Корея Республикасының Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, екіжақты қарым-қатынасқа экономикалық бастамалар ғана емес, сонымен қатар қарқын алған мәдени-гуманитарлық байланыстар және азаматтардың барыс-келісінің көбеюі де ерекше серпін беріп отыр.
Кездесу барысында көлік-логистика, аса маңызды материалдар, машина жасау, цифрландыру және жасанды интеллект пен медицинаны дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру жоспары талқыланды.