Қазақстан мен Болгария сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға мүдделі

12 Шілде 2023, 17:19
597
Бөлісу:
Қазақстан мен Болгария сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға мүдделі
Фото: СІМ

Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға байланысты мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның Экономика және өнеркәсіп министрі Богдан Богдановпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Болгарияның сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара қарым-қатынастарын дамыту, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде басым бағыттар бойынша нақты мәселелер мен бастамалар қаралды. Астана мен София арасындағы әріптестік үшін аталған келісімдегі мүмкіндіктерге аса көңіл бөлінді.

Тараптар қазақ-болгар экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті бесінші отырысын әзірлеуге және өткізуге байланысты мәселелер бойынша нақты келіссөздер жүргізді.

Сонымен қатар В. Темірбаев сұхбаттасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық реформалармен, ҚР Үкіметінің қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жүргізіп жатқан жұмысымен, шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралармен, Астана халықаралық қаржы орталығы мен арнайы экономикалық аумақ алаңдарында ұсынылып отырған мүмкіндіктермен егжей-тегжейлі таныстырып, екі елдің іскер топтары арасында экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамыту үшін әлеуетті «тауашалар» туралы пікірлерімен бөлісті, - делінген СІМ ақпаратында.

Өз кезегінде Б. Богданов Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда практикалық өзара іс-қимылды арттыруға дайындығын растады.

Нәтижесінде тараптар кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тығыз жұмыс байланыстарын сақтауға келісті.

2023 жылдың 4 айы ішінде Қазақстан мен Болгария арасындағы тауар айналымы 27 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 7 млн АҚШ доллары, импорт – 20 млн АҚШ доллары. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 8,6 млн АҚШ доллары көлемінде болгар тікелей инвестициялары тартылды. Жалпы, 2005 жылдан бастап ұлттық экономикамызға Болгариядан 64,4 млн АҚШ доллары инвестиция тартылса, ал кері бағытта – 12,6 млн АҚШ доллары салынды.

Өзгелердің жаңалығы