Қазақстан мен Әзірбайжан сарапшылар кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Әзірбайжан сарапшылар кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды
706

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын ескере отырып, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сараптамалық зерттеулер орталықтары деңгейінде белсенді жұмыс жүргізуде.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Халықаралық қатынастарды талдау орталығы басқармасының төрағасы Фарид Шафиев 2022 жылдың 23 мамырында Баку қаласында Сарапшылар кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды.

Екі елдің сарапшылар топтарының тығыз ынтымақтастығына ықпал ету мақсатында Қазақстан-Әзірбайжан сарапшылар кеңесі құрылып, ғылыми-зерттеушілік ынтымақтастық негізінде идеялар, әзірлемелер мен жобалардың «банкін» құру жоспарланып отыр.

Меморандум аясында тараптар сараптамалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан мен Әзірбайжанның сараптамалық орталықтары арасындағы байланыстарды нығайту туралы, сондай-ақ ағымдағы жылдың күзінде Қазақстанда Кеңестің толық форматты отырысын өткізу туралы уағдаласты.

Екі елде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістер туралы кәсіби пікір алмасуды қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Баку қаласында өткен дөңгелек үстелге қатысты.

ҚСЗИ директоры өз сөзінде Қазақстан мен Әзірбайжанның екіжақты ынтымақтастығының негізгі аспектілеріне, соның ішінде саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарға кеңінен тоқталып өтті.

Ортақ тарихи тамырлар, тіл мен мәдениеттің ұқсастығы екі ел арасындағы бауырластық достық пен тату көршіліктің берік дәнекері екендігі атап өтілді.

Қазақстан мен Әзірбайжанды бауырластық достықтың берік дәнекері байланыстырып отыр. Екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға Мемлекет басшылары  –  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ильхам Гейдар оглу Алиевтің қосқан зор үлесін ерекше атап өткім келеді, – деді Еркін Тұқымов.

Нұр-Сұлтан мен Баку арасында мұнай-газ саласы, көлік және логистика, жасыл энергетиканы дамытуда және ауыл шаруашылығында экономикалық ынтымақтастық кеңінен дамып келеді.

Біздің болашақтағы өзара тиімді әріптестік стратегиямыз да көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Қазақстанда 500-ден астам әзірбайжандық компания тіркелген. Осыған байланысты Әзірбайжан мен Қазақстан арасында Іскерлік кеңес құру қажеттілігі туындап отыр. Сарапшылар кеңесі – Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға тағы бір үлес қосады, – деді Еркін Тұқымов.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы