Қазақстан халықаралық аренада: Еліміз қандай ұйымдарға мүше және кімдермен серіктес?

Қазақстан 195 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан

 Жасанды интеллектпен жасалды 9 Қараша 2026, 10:49
9 Қараша 2026, 10:49
215
Фото: Жасанды интеллектпен жасалды

Қазақстан әлемнің 195 мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатқан. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да халықаралық құрылымдардың жұмысына қатысады. Сонымен қатар Еуропалық одақ, НАТО және БРИКС секілді бірлестіктермен әртүрлі деңгейде ынтымақтастық орнатқан. Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен мәртебесіне BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.

Қазақстан 195 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан 

2026 жылғы 30 қазанда Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды оқиғаның бірі болды. Еліміз Тынық мұхитында орналасқан Науру мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Науру елімізбен ресми байланыс орнатқан 195-ші мемлекет атанды. Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше өзінен басқа 192 мемлекетпен, сондай-ақ Палестинамен, Қасиетті Тақпен және Мальта Егеменді Әскери орденімен дипломатиялық қатынас орнатты.  Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі сыртқы саясатының нәтижелерінің бірі.

Фото: Rawf8/Getty Images 

Алайда дипломатиялық қатынас орнату мен халықаралық ұйымға мүше болу екі бөлек мәселе. Біріншісі елдер арасындағы ресми байланысты білдірсе, екіншісі мемлекетке белгілі бір халықаралық құрылымның жұмысына қатысуға мүмкіндік береді.

БҰҰ: Қазақстанның әлемдік саясаттағы орны қандай? 

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Содан бері еліміз халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, бейбітшілік және тұрақты даму мәселелерін талқылауға қатысып келеді.

Фото: Ақорда

Қазақстанның БҰҰ аясындағы маңызды жетістіктерінің бірі – 2017–2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы. Бұл кезеңде еліміз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты шешімдерді талқылауға тікелей қатысты. Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесіне де ерекше назар аударады. 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде белгіленуі Қазақстанның БҰҰ аясындағы бастамаларының бірі саналады.

Сонымен қатар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба бойынша тиісті келісімге 2025 жылы қол қойылған. 

ШЫҰ: Қазақстан – қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын алаң

Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаған мемлекеттердің бірі. 2001 жылы құрылған ұйым бүгінде қауіпсіздік, сауда, экономика, көлік және гуманитарлық ынтымақтастық бағыттарында жұмыс істейді. Қазақстан үшін ШЫҰ-ның маңызы зор. Өйткені бұл ұйымға Қытай, Ресей, Үндістан және Орталық Азияның бірқатар мемлекеттері кіреді.

2026 жылғы жағдай бойынша ШЫҰ-ға 10 мемлекет мүше.

Фото: BAQ.KZ 

Ұйымның Бас хатшысы қызметін Қазақстан өкілі Нұрлан Ермекбаев атқарып келеді. Ол бұл лауазымға 2025 жылғы қаңтарда кірісті. 2026 жылғы сәуірде Қазақстанның Сыртқы істер министрі мен ШЫҰ Бас хатшысы кездесіп, ұйымның алдағы жұмысы мен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады. 

ЕАЭО: Қазақстан 2026 жылы одаққа төрағалық етеді

Қазақстан қатысатын тағы бір ірі құрылым – Еуразиялық экономикалық одақ. Одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше. ЕАЭО-ның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттер арасында тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысына жағдай жасау. 2026 жылы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалық етеді.

Үкіметтің ресми мәліметіне сәйкес, еліміз төрағалық кезеңінде жасанды интеллект технологияларын енгізуге, көлік-логистика мүмкіндіктерін кеңейтуге, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өзара саудадағы кедергілерді азайтуға басымдық беріп отыр. 

Фото: Ақорда

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына да мүше. Еліміз бұл ұйымға 2015 жылғы 30 қарашада қабылданды. ДСҰ аясында Қазақстан халықаралық сауда ережелерін қалыптастыруға және сауда дауларын шешу тетіктеріне қатысу мүмкіндігіне ие.

Еуропа және қауіпсіздік ұйымдарындағы мәртебесі

Қазақстан 1992 жылдан бері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысады. Бұл ұйым қауіпсіздікпен қатар, адам құқықтары, демократиялық институттар және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелерімен айналысады. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Сол жылы Астанада ұйымның саммиті өтті. Бұл деректер ЕҚЫҰ-ның ресми сайтында көрсетілген. 

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) да толыққанды мүшесі. Бұл құрылым әскери қауіпсіздік пен ұжымдық қорғаныс мәселелеріне бағытталған.

Ал НАТО-мен Қазақстанның қарым-қатынасы өзгеше. Еліміз Солтүстік Атлантика альянсының мүшесі емес, бірақ 1994 жылдан бастап «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына қатысып келеді. Ынтымақтастық әскери даярлық, қорғаныс саласындағы реформалар және қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. 

БРИКС: Қазақстан мүше емес, серіктес

Соңғы жылдары Қазақстанның БРИКС-пен байланысы да кеңейіп келеді.

Фото: pochopto.sk

БРИКС – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка және басқа да мемлекеттер қатысатын халықаралық ынтымақтастық алаңы. Қазақстан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БРИКС-тің серіктес мемлекеті мәртебесін алды. Алайда мұнда бір маңызды айырмашылық бар: Қазақстан БРИКС-тің толыққанды мүшесі емес. Серіктес ел ретінде Қазақстан ұйымның саммиттері мен сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ мүше мемлекеттердің келісімімен басқа да іс-шараларға қатыса алады. 

Еуропалық одақпен байланыс қай деңгейде?

Қазақстан Еуропалық одақтың мүшесі болмаса да, онымен стратегиялық серіктестік орнатқан. 2020 жылғы 1 наурызда Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім толық күшіне енді. 2026 жылғы 23 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия басшыларымен кездесті. Кездесуде тараптар сауда, инвестиция, энергетика, көлік, цифрландыру және сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Еуропалық одақтың ресми мәліметінде Қазақстан ұйымның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі ретінде көрсетілген. 

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен де (ЭЫДҰ) жұмыс істейді. Бірақ бұл ұйымның толыққанды мүшесі емес.

2026 жылғы мамырдағы Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан ЭЫДҰ-ның 43 құқықтық құралына қосылған және 39 жұмыс органының қызметіне әртүрлі мәртебеде қатысады. 

Қазақстан – бастамашы болған халықаралық алаң

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) – Қазақстан ұсынған халықаралық бастамалардың бірі. Бұл идея 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында көтерілді. Бастаманың негізгі мақсаты – Азия мемлекеттері арасында диалог орнатып, өзара сенімді нығайту.

Фото: Ақорда

2026 жылғы 15 қазанда Әзербайжан астанасы Бакуде АӨСШК-нің VII саммиті өтті. Саммит барысында Лаос кеңестің толыққанды мүшесі болып қосылды. Осылайша, қатысушы мемлекеттер саны 29-ға жетті. Қазақстан Президенті ұйымды толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру, көлік дәліздерін дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы бастамалар көтерді. 

Түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын құруға қатысқан елдердің бірі. Қазіргі уақытта ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше. Бұл құрылым ортақ тілдік және тарихи байланыстармен шектелмейді. Елдер көлік, сауда, энергетика, білім, ғылым және технология салаларында да ынтымақтасады. 2026 жылғы 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Қазақстан Президенті ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа ұсыныстарын таныстырды.

Фото: Ақорда 

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан мен ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы теміржол жүк тасымалы 10 пайызға артып, 40 миллион тоннаға жуықтаған. 

2026 жылы Қазақстан тағы қандай халықаралық бастамаларға қосылды?

Биыл Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық аясы жаңа бағыттармен толықты. Соның бірі – жасанды интеллект. 2026 жылы Қазақстан Қытай бастамасымен құрылған Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) құрылтайшы мемлекеттерінің қатарына қосылды. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ұйымды құру жөніндегі келісімге 29 елдің өкілдері қол қойған. Жаңа құрылымның штаб-пәтері Шанхайда орналасқан. Ұйым жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз пайдалану, халықаралық ережелерді қалыптастыру және елдер арасында тәжірибе алмасу бағыттарында жұмыс жүргізуді көздейді. 

Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Сондай-ақ 2026 жылғы 22 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Ақорда мәліметінше, рәсімге Қазақстаннан бөлек 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты. 

Қазақстан үшін мұндай серіктестіктердің маңызы қандай?

Халықаралық ұйымдарға қатысу Қазақстанға басқа мемлекеттермен қауіпсіздік, экономика, көлік, энергетика және технология мәселелерін бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді. Мәселен, ЕАЭО мен ДСҰ аясында сауда қатынастары реттелсе, ШЫҰ мен ЕҚЫҰ шеңберінде қауіпсіздік мәселелері қаралады. Ал Еуропалық одақпен ынтымақтастық инвестиция тарту мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.

БРИКС және басқа да серіктестік форматтары Қазақстанның халықаралық диалог алаңдарына қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Дегенмен халықаралық ұйымға мүше болудың өз міндеттемелері де бар. Әр ұйымның ережесі, шешім қабылдау тәртібі және қатысушы мемлекеттерге қоятын талаптары әртүрлі. Сондықтан Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесін бағалағанда ұйымдардың санын ғана емес, сол құрылымдардағы нақты рөлі мен қабылданған келісімдердің нәтижесін де ескеру маңызды.

Наверх