Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі саяси жаңғыру кезеңінде өз маңызын сақтап отыр. Бұл мереке тек татулық дәстүрін ғана емес, қоғамның топтасуын нығайтуға бағытталған заманауи үдерістерді де айқын көрсетеді.
Бірлік – реформалардың тірегі
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, ынтымақ пен келісім құндылықтары мемлекеттік саясаттың негізі болып қала береді.
Қазақстан халқының бірлігі күні – халқымыз үшін аса маңызды мереке. Себебі бірлік, келісім, ынтымақ – идеологиямыздың өзегі. Саяси реформалар кезеңінде бірліктің маңызы тіпті арта түседі. Дәл осы халықтың ауызбіршілігінің арқасында біз ауқымды өзгерістер кезеңінен табысты өтіп келеміз, – деді ол.
Оның сөзінше, қоғамның реформаларды қолдауы саяси жүйенің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Азаматтардың мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасуы – саяси жүйені жаңғыртуға, институттарды күшейтуге және шешім қабылдауға халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Қоғамның бұл процеске белсенді араласуы жоғары деңгейде сақталып отыр, – деп толықтырды Жұмырбаев.
Референдум мен жаңа институттар аясындағы мереке
Сарапшы бұл мерекенің маңызын соңғы саяси оқиғалармен де байланыстырды.
Биыл Бірлік күні өткен республикалық референдум аясында аталып өтуде. Сол референдумда халықтың басым бөлігі Жаңа Конституцияны қолдады. Бұл да бірліктің ел дамуына ықпалы зор екенін тағы бір дәлелдейді, – деді ол.
Этносаралық келісімнің бірегей үлгісі
Спикердің пікірінше, бұл мереке тарихи қалыптасқан құндылықтармен сабақтас болғандықтан өзектілігін жоғалтпайды.
Әралуандылықтағы бірлік пен келісім қағидаттары біздің болмысымызға сіңген. Бұл – қазіргі Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан бұл мереке ескірмейді, керісінше, жаңа мазмұнмен толыға береді, – деді ол.
Сондай-ақ ол этносаралық өзара іс-қимыл институттарының дамуына назар аударды.
Қазақстан этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бірегей тәжірибе қалыптастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңғыруы мен жаңа қоғамдық алаңдардың пайда болуы – бұл бағыттағы саясаттың әлі де басымдыққа ие екенін көрсетеді, – деді Жұмырбаев.
Бірлік – дамудың басты шарты
Сөз соңында сарапшы бірлік құндылығының әмбебап сипатын атап өтті.
Қай кезеңде де бірлік пен келісім – дамудың негізі. Қоғам біріккен кезде бастамалар тиімді жүзеге асады әрі нәтижесі де жоғары болады, – деп түйіндеді ол.
Осылайша, 2026 жылғы Қазақстан халқының бірлігі күні тек символдық мереке ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығын нығайтуға бағытталған қазіргі саяси және әлеуметтік үдерістердің айқын көрінісі ретінде бағаланып отыр.