Басты күшіміз – бірлік: Шерзод Пулатов Бірлік күнінің маңызын түсіндірді

 кейіпкердің жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 14:28
Бүгiн 2026, 14:28
173
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов BAQ.KZ тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстандағы бірлік пен келісімнің қазіргі көрінісі туралы айтты.

– Бүгінде Қазақстанда бірлік пен келісімнің нақты көріністері қай салаларда айқын байқалады?

Бірлік пен келісім ең алдымен қоғамдық-саяси тұрақтылықта, білім беру жүйесінде, мәдени-гуманитарлық кеңістікте және өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылда айқын көрінеді. Мәселен, барлық өңірлерде жұмыс істейтін Достық үйлері этномәдени бірлестіктердің тұрақты алаңына айналды. Мектептер мен ЖОО-ларда толеранттылық пен азаматтық бірегейлікке бағытталған тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік мерекелер – Алғыс айту күні, Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні – түрлі этностардың мәдениетін біріктіретін қоғамдық платформа ретінде қызмет етеді және ортақ құндылықтар жүйесі нығайтылып келеді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы татулықты нығайтуда қандай табысты жобаларды жүзеге асырды?

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылды. Бұл бағытта Ассамблея жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың осы жылғы отырысында Ассамблеяның тарихи миссиясын табысты орындағанын атап өтті: елдегі барлық этностарды біріктіріп, біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру, сондай-ақ этностардың мәдениеті мен тілін сақтау құқықтарын қамтамасыз ету міндеттері жүзеге асырылды. Соңғы жылдары Ассамблея қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған оннан астам арнайы қоғамдық жобаны іске асырды. Бұл жобалар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және бірлікті күшейтуге бағытталған жүйелі бастамалар болып табылады. Соның ішінде «Қазақтану», «Тамырлас», «Елдесу және татуласу», «Мың алғыс», «Қамқор», «Мектепке жол», «Жаңғыру жолы», «Адал азамат», «Салауатты сана», «Ассамблея айнасы» және «Память во имя будущего» сияқты маңызды жобалар жүзеге асырылды.

– Медиация институты адамдар арасындағы түсіністікті арттыруға қалай ықпал етіп келеді? Жастарды этносаралық келісім мен ортақ құндылықтарға тартудың ең тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз?

Медиация бүгінде қоғамдағы дауларды өркениетті түрде шешудің тиімді құралы ретінде қалыптасып, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға нақты үлес қосып келеді. Әсіресе, медиаторлар арасында этносаралық қатынастар саласындағы медиация этномедиация ретінде қарастырылып, ол еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің біріне айналды. Этномедиация тұрмыстық, еңбек, көршілік және этносаралық сипаттағы дауларды сотқа жеткізбей, келіссөз және өзара түсіністік арқылы шешуге мүмкіндік береді. Бұл бағытта медиаторлар жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тараптарды диалогқа шақыру арқылы шиеленістердің алдын алуда. Медиация институтының тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында «Елдесу және татуласу» жобасы жүзеге асырылып келеді, оның аясында өңірлерде медиативтік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған оқыту семинарлары, практикалық тренингтер және тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Қоғамдық келісім кеңестері ауылдық деңгейге дейін жетіп, жергілікті мәселелерді алдын ала талқылау арқылы жанжалдардың ушығуына жол бермей отыр. Арнайы әзірленген алгоритмдер мен кәсіби стандарттар медиаторлардың жұмысын жүйелеп, алдын алу және жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді. Нәтижесінде қоғамда тыңдай білу, өзара құрмет, келісімге келу мәдениеті қалыптасып, бұл жалпыұлттық бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етуде.

Ең тиімді жол – жастарды нақты іс-әрекетке, яғни қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысына айналдыру. Бұл бағытта волонтерлік қозғалыстар, этномәдени жобалар, пікірталас клубтары, көшбасшылық мектептері және заманауи медиа алаңдар маңызды рөл атқарады. Мәселен, Ассамблея жастары ұйымы аясында жастарды қоғамдық келісім мен патриотизм құндылықтарына тартуға бағытталған түрлі әлеуметтік, мәдени және ағартушылық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында этносаралық коммуникация, медиация және келіссөз мәдениеті бойынша білім беру жастардың саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұған қоса, жастарды ортақ құндылықтарға тартуда олардың бастамаларын қолдау, креативті жобаларға гранттар беру, этносаралық диалог алаңдарын кеңейту және өңіраралық, халықаралық жастар алмасу бағдарламаларын дамыту маңызды. Цифрлық кеңістікте сапалы әрі позитивті контент қалыптастыру, әлеуметтік желілер арқылы бірлік пен өзара құрмет идеяларын ілгерілету де ерекше мәнге ие. Осындай кешенді тәсілдер арқылы жастар тек қатысушы емес, қоғамдық келісімнің белсенді тасымалдаушысына айналады.

– Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында қазақстандықтарға қандай үміт пен сенім берер едіңіз?

Қазақстанның басты күші – оның бірлігі мен татулығында. Әр азамат өзара құрмет пен сенім қағидатын ұстанса, еліміздің болашағы одан әрі нығая түседі. Бірлік – тек ұран емес, күнделікті өмірдегі нақты іс-әрекет. Сондықтан әрқайсымыз қоғамдағы келісімді сақтауға үлес қоссақ, ортақ үйіміз – Қазақстанның іргесі берік, келешегі кемел боларына сенім мол. Барша қазақстандықтарға бейбітшілік, амандық және тұрақты даму тілеймін. Барша отандастарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Наверх