Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан музыкалық білім беру саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марапаттау рәсімінде Аида Балаева әрбір маманның адал еңбегі ел дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы әрдайым еңбек адамына ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі жетістіктеріңіз бен табыстарыңыз – соның айқын дәлелі. Президент еңбек адамдарын ынталандыру және марапаттау бастамасын үнемі қолдайды. Өйткені адал еңбек әрқашан лайықты бағалануға тиіс. Сіздер еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келесіздер. Кейде оның қаншалықты маңызды екенін өздеріңіз де байқамай, күн сайын адал әрі жауапты еңбек етіп жүрсіздер. Бұл жұмысты шын ниетпен, бар ықыластарыңызбен атқарып келе жатқандарыңызды жақсы білемін. Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, сый-құрметке бөлене беріңіздер, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған республикалық «Күй күмбірі» акциясын өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен:
- "Құрмет" орденімен – қоюшы режиссер Қарлығаш Ажиева;
- «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Қорқыт» дәстүрлі музыкалық тобының көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек марапатталды.
Президенттің «Алғыс» грамотасымен:
- №1 балалар музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, дәстүрлі өнер пәндерінің педагогі Жанар Оралбаева;
- Р. Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлнұр Қамзина;
- №3 балалар музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Баймаханова;
- Астана қаласы әкімдігіне қарасты №2 көркемсурет мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Жұмабаева марапатталды.