Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Ақмешіт ауылының туристік аймағында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Ақмешіт өзенінің су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салдарынан демалыс аймағын және пикник алаңын байланыстыратын екі уақытша көпір шайылып, Екпінді аумағындағы өткелге де зақым келді.
Оқиға орнына ТЖМ күштері жедел жетіп, қауіпсіздік шараларын ұйымдастырды. Екпінді ауылынан 11 адам (оның ішінде 7 бала), ал демалыс аймағынан 70 адам (20 бала) эвакуацияланды.
Барлығы 81 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылардың мәліметінше, зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке жүгіну жағдайлары тіркелмеген.
Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мамандары, полиция және жергілікті атқарушы органдар өкілдері жұмысын жалғастырып, уақытша өткел ұйымдастыру және аумақты қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр.