Қазақстан-Германия: Әділетті Қазақстанды құру мәселелері жөнінде пікір алмастық – Тілеуберді

31 Қазан 2022, 12:14
779
Бөлісу:
Қазақстан-Германия: Әділетті Қазақстанды құру мәселелері жөнінде пікір алмастық – Тілеуберді
Фото: автордан

Бүгін Германияның федералды сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың Қазақстанға сапары өтіп жатыр. Екі ел министрлері бірқатар келіссөзге келген. Келісім қорытындысы туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін біз Германияның Федералдық Сыртқы істер министрі Анналена Бербок екеуміз нәтижелі әрі сенімді келіссөздер өткіздік. Министр ханым, Сізге және Сіз бастаған өкілетті делегация мүшелеріне тағы да «Қазақстанға қош келдіңіздер!» дегім келеді. Біз екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қазіргі жай-күйі мен оларды тереңдету мүмкіндіктерін талқыладық, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша «сағат теңестірдік». Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы аясында біз сенімді саяси диалог пен сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өттік, - деді ҚР Сыртқы істер министрі. 

Айтуынша, еліміз көпвекторлы сыртқы саяси бағытындағы сабақтастық аясында Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. 

Бербок ханым, сіздің сапарыңыз, елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси диалогқа, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жандандыруға қосымша серпін беретініне сенімдімін. Біз Германия Бундестаг депутаттарының келгеніне және олардың Қазақстан Парламенті өкілдерімен кездесулеріне қуаныштымыз. Парламентаризмді дамыту мәселелері бойынша, әсіресе, елде әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар аясында белсенді пікір және тәжірибе алмасу болатынына сенімдімін, - деді Тілеуберді. 

Өзгелердің жаңалығы