Қазақстан азаматтығын алатындар қазақ тілінен емтихан тапсыруы мүмкін

10 Қараша 2022, 13:39
1664
Бөлісу:
Қазақстан азаматтығын алатындар қазақ тілінен емтихан тапсыруы мүмкін

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Премьер-министр мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығын бермейтін заң қабылдау мүмкіндігіне қатысты айтты. 

Тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қаралып жатыр. Осы нормалар Үкіметте келісу сатысынан өтіп жатыр. Жалпы, бұл нормаларды қолдаймыз. Сондықтан осындай өзгерістерді заңнамаға енгізу керек деп санаймыз, - деді Әлихан Смайылов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Айтуынша, бұл бағыттағы аталған өзгерістер халықаралық тәжірибеге сүйеніп дайындалған. 

Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді және сол елдің тарихын білу керек, сондай-ақ тиісті емтихан тапсыру міндеттеледі. Мәселен, Германияда, Түркияда, Канадада, Ресейде және басқа да мемлекеттерде осындай талаптар бар. Ол талаптар аясында азаматтық алатын адамдар сол қоғамға тез бейімделіп кетуіне ықпал етеді. Сондықтан тиісті емтихан тапсыру керек деп ойлаймыз, яғни азаматтық алатындар бұл талаптарға сай болуы қажет, - деді Премьер-Министр.

Алайда  кейбір санаттарға бұл талаптар қолданылмауы мүмкін. 

Этникалық қазақтарға және кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын адамдарға аталған талаптар қолданылмайды. Осы орайда Қазақстанда жақын туыстары тұрса немесе жұбайы Қазақстан азаматы болса, сондай-ақ елімізге еңбегі сіңген адам болса, онда тиісті шешіммен жеңілдетілген түрде осы адамдар азаматтық ала алады, - деді Премьер-министр. 

 Белгілі болғандай, Үкіметтегі келісу сатысынан өткеннен кейін бұл құжат жақын арада Парламенттің қарауына жіберіледі. 

Өзгелердің жаңалығы