Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді

Көрсеткіш 95,7%-ға дейін өсті, ал жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі деңгейден 80%-ға асып түсті.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 20:38
Бүгiн 2026, 20:38
130
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі ең озық 20 елдің қатарына енді. Бұл туралы қазақстандық делегацияның Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (GISS 2026) енгізуді қолдау жөніндегі жаһандық симпозиумына қатысу қорытындысы бойынша белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Кеңесінің Президенті Тошиюки Онуманың ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиевамен кездесуі өтті.

Келіссөздерге сондай-ақ ICAO EUR/NAT бюросының аймақтық директоры Николас Ралло және Қазақстанның ICAO жанындағы тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қатысты. ICAO Кеңесінің Президенті Қазақстанның ұйым қызметіне белсенді араласуын жоғары бағалады.

Мен сіздің еліңіздің белсенді ұстанымын және ICAO жұмысына қосып жатқан үлесін әрдайым жоғары бағалаймын. Бұл өте жақсы белгі, - деп атап өтті Тошиюки Онума.

Өз кезегінде Николас Ралло Қазақстанның басқа мемлекеттер үшін үлгі болғанын баса айтты. Салтанат Томпиева хабарлағандай, соңғы жылдары Қазақстан авиация саласындағы позициясын айтарлықтай нығайтқан.

Авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 62%-дан 95,7%-ға дейін өсті. Бұл Қазақстанға әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді. 2025 жылы жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 80%-ға артты. Ұшу қауіпсіздігі көрсеткіші 2009 жылғы 47%-дан 2025 жылы 82%-ға дейін өсті, бұл әлемдік орташа деңгейден (69,3%) және еуропалық көрсеткіштен (76%) 35%-ға жоғары, - деді ол.

Қосымша қадам ретінде Қазақстан Чикаго конвенциясының 50 (a) және 56-баптарына енгізілген түзетулерге қосылды. Бұл ұйым Ассамблеясының алдағы кезектен тыс сессиясында елімізді ICAO Кеңесіне мүшелікке ұсынуға жол ашады.

Сондай-ақ, Қазақстанның көлік оқиғаларын тергеу бойынша тәуелсіз орган құруға бастамашы болғаны, Астанада заманауи авиациялық оқу орталығын ашуды жоспарлап отырғаны және авиациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асырып жатқаны айтылды.

Кездесу соңында қазақстандық тарап ICAO Кеңесінің Президентін елімізге келуге және 2026 жылғы 20–22 қазанға жоспарланған Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық симпозиумға (ICAO Security Week) қатысуға шақырды. Бұл іс-шара Қазақстан тарихындағы ICAO аясындағы алғашқы ірі халықаралық форум және өңірдегі ең ірі жиындардың бірі болады деп күтілуде.

GISS 2026 шеңберінде Қазақстан делегациясы сонымен қатар ICAO Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен, бірқатар елдердің авиациялық билік өкілдерімен және халықаралық ұйымдармен екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер нәтижесінде азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және озық тәжірибе алмасуға өзара қызығушылық расталды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар 2026 жылдың жазында қайда ұшатыны туралы жаңа рейстер мен бағыттардың толық тізімін жарияладық.

Тағы оқи отырыңыздар:

FlyArystan ұшағы Шымкент әуежайында итті қағып кетті

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Ресей мен Әзербайжан AZAL-ға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады

FlyArystan Дубайға ұшатын рейстерді жаз соңына дейін тоқтатты

Наверх