Қазақстан әлемді зорлық-зомбылық пен күш көрсетуден бас тартуға шақырады – Әшімбаев

8 Қазан 2024, 10:29
254
Бөлісу:
Қазақстан әлемді зорлық-зомбылық пен күш көрсетуден бас тартуға шақырады – Әшімбаев
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәулен Әшімбаев бүгінгі жиында бірнеше мәселе талқыланатынын айтты. Олардың қатарында алдағы VIII съезді ұйымдастыруға қатысты мәселелер де бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында VIІ съезді нәтижелі өткіздік. Оған әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысты.

Соңғы бірнеше жылда адамзат бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болып отыр. Бүгінгі таңда әлем поликризис жағдайында отыр. Сондай-ақ әлем қазіргі барлық жаһандық сын-қатер бір-бірімен өзара байланысып, астасып, өзара тәуелді және бір-біріне ықпалы күшейіп отырған жағдайда өмір сүріп отыр. Таяу Шығыстағы жағдай да ушығып тұр. Украинада соғыс қимылдары әлі де жалғасып жатыр. Планетада шиеленісу жағдайлары күннен-күнге көбейіп келеді, - деді Сенат спикері.

Әшімбаев Қазақстан барлық елді зорлық-зомбылық пен күш көрсетуден бас тартуға шақыратынын атап өтті. Сондай-ақ болашақтағы жағдайды ушықтырмауға шақырады.

Осыған орай біз әртүрлі қақтығыстарды, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды тоқтатып, оларды дипломатиялық жолмен және БҰҰ Жарғысына сәйкес шешу үшін уағдаластыққа шақырады. Сонымен қатар Украинада қантөгіс жағдайы қайталанып отыр. Шиеленіс күн сайын өсіп келеді. Соңғы онжылдықтың ішінде қарулану да көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұдан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Көптеген күш халықаралық шиеленісті, радикалдық идеологияны ілгерілетіп, бір-біріне деген өшпенділікті жандандыру үшін қолданып отыр. Әлемде террористік және экстремистік топтар жанданған. Бұл теріс жағдайлар кедейшілікті, теңсіздікті ушықтыра түседі. Сондай-ақ қоршаған ортаны нашарлатып, климаттың дағдарысына әкеліп тұр, - деп айтты Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысында.

Өзгелердің жаңалығы