«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр

9 Желтоқсан 2023, 09:43
223
Бөлісу:
«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр
PHOTO
Фото: jastar_ruhy

Күнделікті өмірде көліктердің белгіленген тұрақтарда емес, тротуарларда, жол жиегінде, тіпті ойын алаңдарында тұрғанын көруге болады. Жүргізушілер осылайша басқа жүргізушілерге ғана емес, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық тудыртып жатады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Жастар Рухы» Жастар қанатына сілтеме жасап.

Рұқсат етілмеген жерлерде көлікті қалдыратын олар өрт сөндіру, жедел жәрдем мен құтқарушылар қызметтеріне де кедергі келтіреді.

«AMANAT» партиясы мұрындық болған «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында «Жастар Рухы» Жастар қанаты көлікті тұраққа дұрыс қоймау мен көлік жүргізушілеріне ескерту, профилактикасы ретінде жергілікті полиция департаменттерімен бірлесіп ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылып жатыр.

Шымкент қаласы патрульдік полиция инспекторы Диас Лесбектің айтуынша, егер аулада немесе рұқсат етілмеген жерлерде көлік байқалса, онда полицияға немесе жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне қоңырау шалу керек. Сол орыннан көлікті суретке немесе бейнеге түсіру артық болмайды дейді.

«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр

Айыппұлдар мен жазаларға қарамастан, қазақстандықтар жол қозғалысы ережелерін бұзуды жалғастырып жатыр. Тұрғындар автокөлік тұрағына көліктерін дұрыс емес орналастырғанын көптеп кездестіріп жатамыз. Мұндай жағдай болған жағдайда, полиция қызметкерлері тиісті ескерту айтады. Ал бүгін «Жастар Рухы» белсенділерімен бірге құқық бұзушылықтарды анықтап, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз. Азаматтарға көлікті тұраққа дұрыс қою, жол ережесі қауіпсіздігін сақтау сынды ережелерді айтып, арнайы жадынамаларды тараттық, – дейді Д.Лесбек.

Жадынамаларды тарату, әдетте, жүргізушілер көліктерін тастап, тұрақ ережелерін бұзатын жерлерде өтті. Сондай-ақ мүгедектер арбасы мен балалары бар ата-аналар мен қарт адамдар өте алмайтындай етіп, тротуарды өз көліктерімен жауып тастайтындарға да назар аударылды.

«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында басталған бұл іс-шара еліміздің басқа да өңірлерінде жалғаспақ.

Іс-шараның мақсаты азаматтарды қозғалыс еркіндігіне құрметпен қараумен қатар, көліктерін дұрыс орындарға тұраққа қоюдың қаншалықты маңызды екені туралы хабардар ету дейді ұйымдастырушылар.

Астана қаласының тұрғыны Гүлниса Бақтыбайқызы көлік жүргізушілерінен ауланы тұраққа айналдырмауын сұрайды.

«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр

Біздің тұрғын үй кешенінде күнделікті көретін көріністердің бірі – көліктердің көрінген жерде тұрақтауы. Бұл, ең біріншіден, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Себебі есік алдында ойнап жүрген балалардың көліктерді байқамай, жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындардың біріне келген жәдел жердемдердің аулаға кіруіне де кедергісін келтіріп жатқанының талай рет куәгері болдым. Сондықтан жүргізушілерден сұрайтыным – ауланы көлік тұрағына айналдырмаңыздар. Бұл экологияға да өз зиянын тигізеді, – дейді Г.Бақтыбайқызы.

«Қауіпсіз қоғам»: Көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындар саны азаймай отыр

Еске сала кетейік, тұрақ ережелерін бұзғаны үшін айыппұл көлемі – 5 АЕК немесе 17 250 теңге.

Тротуарларда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарында тұрақ, сондай-ақ басқа автомобильдердің жүруіне кедергі болған жол бөлігінде тұрақ 10 АЕК немесе 34 500 теңге айыппұл салуды көздейді.

Ақылы тұрақтың құнын төлеуден жалтарған жүргізушіге 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы