Ақпаратқа сәйкес, Шу қаласының 43 жастағы тұрғыны есірткіні сатуға әрекеттенгені үшін ұсталған. Іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған сотында қаралды.
Айыпталушының айтуынша, ол «Ақтөбе – Атырау» тасжолы бойында көлігінен түсіп, шаруасын реттеп жүргенде есірткі салынған қаптарға тап болған. Келесі күні сол жерге қайта оралып, қаптарды Ақтөбедегі автосервиске жеткізген.
Қаптарды көргенде біреуін ашып, өзіне тән иісін сездім. Оның марихуана екенін бірден түсіндім. Өйткені мен туған жерде бұл өсімдік барлық жерде өседі. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, Ақтөбеге кетіп қалдым. Бірақ келесі күні қарыздарымды жабу үшін ақша табуды ойлап, қайта оралдым. Бұл қылмысты жалғыз өзім жасадым, – деді айыпталушы сотта.
Оның сөзінше, кейін Руслан есімді адам хабарласып, марихуананың әр келісін 130 мың теңгеден сатып алуға келіскен. Осылайша, есірткінің жалпы құны 13 миллион теңге болған.
Айыпталушы тауарды сатып алушыға көрсеткен кезде ұсталды. Кейін сатып алушының рөлін ҰҚК жедел уәкілі атқарғаны белгілі болды.
Сот ер адамды есірткіні сақтағаны және сатуға әрекеттенгені үшін алты жылға бас бостандығынан айырды.