Тараз қаласында Жамбыл облысы полиция департаментінің аға инженері - полиция майоры қару-жарақ сақтағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ұсталған азамат облыстық ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының ЖБО техникалық қамтамасыз ету бөлімінде қызмет еткен. Оны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті қызметкерлері қолға түсірген.
Тұрғылықты жерін тінту барысында Калашников автоматы, оған арналған бес оқжатар (үшеуі - 7,62×39 мм, екеуі - 5,45×39 мм), оқжатарға арналған екі белдік қалта, 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық, 328 дана 7,62×39 мм оқ-дәрі, 12 калибрлі екі патрон, 79 ұсақ калибрлі оқ, төрт Макаров Р-411 тапаншасы, балаклава және қару тазалауға арналған құралдар тәркіленді.
Полиция майоры ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері жұмыс істеген. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, ал істің егжей-тегжейі тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.