Қарин: Президент еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды

17 Маусым 2023, 17:15
759
Бөлісу:
Қарин: Президент еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды
Фото: BAQ.KZ Архив

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде қоғамның рухани дамуының перспективалары мен тұжырымдамалық бағдарын ғана айқындап берген жоқ. Сонымен қатар, еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды деген ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл арада негізгі бірнеше бағытты атап өту керек. Біріншіден, Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуды, халқымыздың бірегейлігін нығайтуды идеологиялық жұмыстың басты басымдықтары ретінде айқындап берді. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап Тәуелсіздік мұраттары және патриотизм, еңбек пен білім культі, құқық пен тәртіп, адамгершілік пен жауапкершілік секілді құндылықтарды мақсатты түрде алға тартып келеді, - деді ол.

Ол  Президент бұл құндылықтарды "Әділетті Қазақстан – Берекелі қоғам – Адал азамат" атты бірыңғай тұжырымдамаға біріктіріп отыр дегенді айтты.

Қоғамның жаңа әдебін қалыптастыру бағытындағы жұмыс өте ауқымды. Оны жүзеге асыруға мемлекет те, тұтас қоғам да, еліміздің әрбір азаматы да жауапкершілікпен қарауы қажет. Үшіншіден, Мемлекет басшысы білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша нақты жобалар ұсынды. Ал бұл – еліміздің идеологиялық бағытын дамытудың нақты бағдарламасы. Сонымен қатар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі бастамаларды тез арада іске асыру мүмкін емес. Осылайша, Президент ел дамуының ұзақ мерзімді күн тәртібін белгілеп берді. Төртіншіден, аталған бастаманың жұртшылыққа ұсынылған уақытын да ерекше атап өткен жөн. Біз қазір саяси реформалардың басым бөлігін жүзеге асыруды аяқтап, экономикада үлкен өзгерістерді бастайтын сәтте тұрмыз. Сондықтан Президенттің қоғамдық құндылықтарды нығайту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Жалпы алғанда, біз Президент реформаларының үш бағыттағы үйлесімділігін көріп отырмыз: саясат, экономика, идеология, - деді Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы