Мемлекет басшысының 20 қарашаға Президент сайлау күнін белгілеу туралы Жарлығы жаңа сайлау циклін бастады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент сайлауын өткізу бастамасы соңғы үш жылдағы саяси қайта құрулардың қисынына сай келеді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа, теңгерімді тәртібін қамтамасыз етті. Ал жаңа үлгіні іске қосу үшін бүкіл саяси жүйені, соның ішінде Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар сияқты мемлекеттің негізгі институттарын қайта іске қосу қажет, - дейді Ерлан Қарин.
Сөзінше, алдағы сайлау науқаны туралы сарапшылар мен саяси ортада көптен бері талқыланды. Бірқатар сарапшы көктемде кезектен тыс сайлау өткізуді жақтаған болатын.
Биыл өтетін сайлаудың ерекшелігі алдағы сайлау науқандарының барлық кестесін алдын ала жариялау болды. Президенттік сайлауды Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойылғанға дейін бір айға жуық уақыт бұрын жариялады, ал бұған дейін барлық кезектен тыс сайлауды өткізу күні туралы жарлыққа қол қойылған күннен бастап жариялатын еді. Бұл уақыт алдағы науқанды кең қоғамдық талқылауға ғана емес, әлеуетті қатысушыларды алдын ала дайындауға да жеткілікті болды, - деді Мемлекеттік кеңесші .
Кеңешісінің айтуынша, заң бойынша сайлау тағайындалған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі, бірақ іс жүзінде бүкіл науқан үш айға созылмақ.
Қоғамның біртұтастығы, мемлекеттің тұрақтылығы, елдің кез келген ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауап беру мүмкіндігі тек бірқалыпты және тұрақты саяси жүйе жағдайында ғана қамтамасыз етілмек. Сондықтан геостратегиялық турбуленттілік күшейіп жатқан жағдайда алдағы президенттік сайлау елімізді ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңі алдында топтастырудың маңызды факторына айналуы тиіс, - деді Ерлан Қарин.