Қарағандыдағы студент өлімі. Тұрғындар полицияны 1 сағат бұрын шақырған

3 Мамыр 2023, 16:35
858
Бөлісу:
Қарағандыдағы студент өлімі. Тұрғындар полицияны 1 сағат бұрын шақырған
Фото: BAQ.KZ

Қарағандының түнгі ойын-сауық орталықтарының бірінің жанында 19 жастағы жігіт 24 жастағы ер азаматтың соққысынан кейін қаза болды. Оқиғадан бір сағат бұрын ресто-бар орналасқан көшенің тұрғындары полиция шақырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салайық, 30 сәуірде түнгі 02.30 шамасында қаланың қақ ортасындағы Нүркен Әбдіров даңғылының бойында орналасқан «TEDD» ресто-барының жанында қайғылы оқиға орын алды. 

Жастар арасындағы кикілжің кезінде 24 жастағы қала тұрғыны 19 жастағы азаматқа соққы жасаған, осының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында жедел жәрдем келгенше қаза тапты. Патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД Баспасөз қызметі.

«TEDD» ресто-бары орналасқан Н.Әбдіров даңғылындағы үйлердің тұрғындары болса қайғылы оқиғадан 1 сағат бұрын құқық қорғау қызметкерлерін шақырғандарын айтады. Себебі, ресто-бардың шуы тұрғындардың ұйқысын бөлген.

Ресто-бар түнгі сағат 04.00-ге дейін жұмыс істейді. Көңіл көтеру орнының қонақтары ішімдік ішіп, түнімен айғай-шу шығарады, төбелеседі. Бізге ұйқы жоқ. Біз бірнеше жыл қатарынан осы ойын-сауық орталығының жабылуын сұрап, көптеген жерлерге хат жаздық. Бірақ ешбір орган осы ойын-сауық орталығына қатысты шара қолданған жоқ, - дейді қала тұрғыны Болат Ахметов.

Ресто-бардың иесінің айтуынша, марқұм мен күдікті көршілес столда отырған. Ойын-сауық орталығының ішінде олардың арасында қандай да бір келіспеушілік болмаған. Жастар далаға шығып, ресто-барға қарама-қарсы орналасқан трансформатордың жанында жанжалдасқан.

Екі жақ та өздерін қалыпты ұстады. Ғимарат ішінде кикілжің болған жоқ. Олар чекті төлеп, далағы шықты. Жолдан өтіп, трансформаторлы станцияның жанында сөйлесіп тұрды. Оқиға болған уақыт даладағы бейнекамераға түскен. Екі соққы болған. Күдікті марқұмды кенеттен ұрып жіберген. 19 жастағы Н. есімді жігіт құлаған жоқ, сонда екінші рет соққы болған. Марқұм орнында тұра алмай, тәлтіректеп құлап түскен, - дейді ресто-бардың иесі. 

Белгілі болғаны оқиға орнында тіл тартпай кеткен марқұм Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті. Ол ресто-барға ағасымен бірге барған. Оқиға орнынан бірнеше минуттан кейін жедел жәрдем келгенімен олар жас жігіттің өмірін сақтап қала алмады, ол дәрігерлер келгенше қайтыс болды. 

Күдікті дәрігерлердің, полиция қызметкерлерінің келуін күтпей, көлікке отырып кетіп қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 106 бабы, 3 тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы