Қарағандыдағы апат. Тұрғындар апаттың бірнеше рет қайталанғандығын айтады

23 Мамыр 2023, 18:00
784
Бөлісу:
Қарағандыдағы апат. Тұрғындар апаттың бірнеше рет қайталанғандығын айтады
Фото: «Қарағанды Су» ЖШС баспасөз қызметі

Қаланың №6 су магистраліндегі апат салдарынан Сұрыптау станциясы, Компанейск шағын ауданы мен Жұмысшылар ауылында үш мыңға тарта үй ауыз сусыз отыр, деп жазады Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындар осы жердегі құбыр бұған дейін де бірнеше рет жарылғандығын айтады.

Еске салайық, Қарағандының №6 су магистралында апат болған, бірнеше шағын ауданның халқы ауыз сусыз отыр. Апатқа диаметрі 500 мм полиэтилен құбырының бойындағы зақымдану себеп болған.

Түннен бері ауыз сусыз отырған Сұрыптау станциясының тұрғындары наразылық білдіріп, мұндай апаттың бұған дейін де бірнеше рет қайталанғанын айтады.

Дәл осы жердегі құбырдағы апат осымен бірнеше рет қайталанып тұр. Қыста күн аязда неше рет жарылды. Сусыз отырдық. Қысы-жазы осы жағдай қайталанады, 2-3 күндеп сусыз отырамыз. Осы проблеманы түбірімен шешуге болмай ма? Бір жерді қайта-қайта жамай бергенше, сол құбырды толығымен ауыстыруға болмай ма? Тұрғындар қашанға дейін зардап шегуіміз қажет? Жазда қала бойынша ыстық су да болмайды. Енді суық су да жоқ. Тамақ істеп, ыдыс жумақ түгілі, әжетханаға да бара алмай отырмыз, - дейді Сұрыптау станциясының тұрғыны Айнұр Адилова.

«Қарағанды Су» компаниясы болса апатты-қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтады.

Су магистралында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сұрыптау станциясының тұрғындарына су тасушы көлік ауыз су жеткізіп жатыр. Тұрғындардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Су тасушы көлік қажет болған жағдайда 47-11-16 телефонына хабарласып, өтінім қалдыруға болады, - дейді компанияның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта апат орнында құрамында 18 адам, 8 арнайы техникасы бар үш бригада жұмыс істеп жатыр. «Қарағанды Су» компаниясының мәліметінше, зақымданған су құбыры 2009 жылы пайдаланылуға берілген.

Бұған дейін бұл су магистралінде апат болды. Бірақ құбырдың дәл осы жерінде емес. Қыстағы апат кезінде құбырдың басқа  жері зақымданған болатын. Аталған магистральді суағардың ұзындығы 9 шақырым. 2009 жылы пайдаланылуға берілген, құбыр полиэтиленнен жасалған. «Қарағанды Су» компаниясына сенімді басқаруға берілген, - дейді «Қарағанды Су» ЖШС ресми өкілі Марина Богдан.

Алдын ала болжам бойынша апатты қалпына келтіру жұмыстары бүгін сағат 22.00-де аяқталуы тиіс. Содан кейін тұрғындарға кезең-кезеңімен ауыз су беріле бастайды.

Өзгелердің жаңалығы