Қарағандыда жазда ыстық су болмайды – облыс әкімі

6 Наурыз 2024, 17:27
938
Бөлісу:
Қарағандыда жазда ыстық су болмайды – облыс әкімі
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Облыс орталығында мамырдан қыркүйекке дейін 5 ай бойы ыстық су болмайды. Бұл жайында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандының XX ғасырда салынған жылу жүйесі тозуы салдарынан соңғы онжылдықта қаланы жаз мезгілінде ыстық сумен қамту мүмкін болмай келеді. Қарағандыда бір тұрбаның бойымен ыстық су да, жылу жүйесінің суы да ағады. Жаз айларында осы тұрбаларда жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, ыстық су толығымен тоқтатылады.

Бұдан бұрын бірнеше рет түсіндіріп айттым, тағы да айтайын. Ыстық су болмайды. Біздің қаланың жылу жүйесі солай. Басқа қалалармен, мысалы Астанамен салыстырғанда, бізде ашық жылу жүйесі. Яғни біз жазда магистралды жылу жүйесінде жөндеу жасасақ, суды толығымен тоқтатамыз. Адамдар ыстық суды қолдана алмайды. Егер де жазда ыстық су жіберетін болсақ, жөндеу жұмыстары кезінде ыстық су тұрады да, сосын сасиды. Қазіргі уақытта жаз мезгілінде барлық қалаға ыстық су беретін мүмкіндік жоқ, - деп кесіп айтты аймақ басшысы.

Оның айтуынша, қалаға ыстық су беретін жүйе жасау үшін қыруар қаржы керек.

Осыдан он-он бес жыл бұрын осы жүйені қалай жасауға болатынын саналған. Сол кездегі бағамен ыстық су жүйесін қалпына келтіруге 300 млн АҚШ доллары қажет болған. Қазір көптеген үйлерде жылу пункттер жоқ, бұрыннан болмаған немесе ыстық су болмағандықтан оның барлығын алып тасталған. Қазіргі таңда ыстық су беретін мүмкіншілік жоқ. Кейбір жекелеген ықшам аудандарда беруге болады. Бірақ, ол су тұрып қалса, иіс шығаратын болады. Сондықтан да жан-жақты ойластырып, осындай шешімге келдік. Жаз мезгілінде бізде ыстық су болмайды, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы