Қарағандыда қызылшамен ауырған балалардың 98%-ы екпе алмаған

27 Мамыр 2024, 13:43
322
Бөлісу:
Қарағандыда қызылшамен ауырған балалардың 98%-ы екпе алмаған
Фото: BAQ.KZ - архив

Қарағанды облысында жыл басынан бері 1756 қызылша жұқтыру жағдайы тіркелген. Сырқаттанған балалардың 98 пайызы екпе алмаған. Бұл жайында облыстың Бас санитары Юрий Залыгин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аймақта қызылша жұқтырушылардың қатары сейілмей тұр. Осыған байланысты балаларды вакцинациялау шаралары қарқынды жүргізілуде. Облыста өткен жылдың қараша айынан бастап тиісті топтардағы адамдарға қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Жаппай иммундау шаралары шеңберінде 63 829 адамға екпе салынған.

Қарағанды облысында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырған қызылшамен сырқаттанушылардың өсуі байқалады. Жыл басынан бері 1756 қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл ретте тіркелген жағдайлардың 98%-ында вакцинацияланбаған балалар ауырған. Мұндай жағдай соңғы 5 жылда профилактикалық екпе алушылардың тиісті деңгейі қамтылмағандығынан болып отыр. Екпе алудан бас тарту тұрғындар арасында иммунитеті жоқ адамдардың үлесін ұлғайтты, - дейді Қарағанды облысының санитарлы-эпидемиялогиялық департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Бас санитардың айтуынша, вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың өршу себептерінің біріне ата-аналарының әртүрлі себептермен екпе салдырудан бас тартуын жатқызуға болады.

Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама деректерінің нәтижесінде ата-аналар екпеден бас тартудың себебіне вакцинаға сенімсіздік, жеке ұстанымдар, тексерілмеген дереккөздерден алынған теріс мәліметтерді көрсеткен. Осы жерде тұрғындардан медицинаға, иммундауға ешқандай қатысы жоқ кездейсоқ, тексерілмеген ақпараттарға, теріс мәліметтерге сенбеулерін сұраймын, - деді Юрий Залыгин.

Өзгелердің жаңалығы