Қарағандыда өртке оранған көпқабатты үйден 37 адам құтқарылған

22 Мамыр 2023, 18:48
515
Бөлісу:
Қарағандыда өртке оранған көпқабатты үйден 37 адам құтқарылған
Фото: Қарағанды облысы ТЖ департаменті

Қарағандының Майқұдық ықшам ауданындағы көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шығып, жалын үйдің балконына одан кейін шатырына тараған. Тілсіз жаудың салдарынан көпқабатты үйдің шатыры толығымен жанып кетті. Өртті ауыздықтауға 98 өртсөндіруші қатысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салайық, кеше Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірі өртке оранып, оқиға орынан құтқарушылар, өртсөндірушілермен бірге облыс әкімі мен қала басшысы да барған болатын.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шығуына сіріңке, темекі немесе басқа да ашық от көздері себеп болған. Үшінші дәрежелі қиындық рангі берілген өрт салдарынан 840 шаршы метр аумақтағы шатыр толығып жанып кеткен. Көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балкондардың ағаш қоршаулары да жанған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 21 мамыр 14 сағат 59 минутта көпқабатты үйдегі пәтер мен балконның жанып жатқандығы жайлы хабарлама түскен. 15сағат 01 минутта оқиға орнына №7 және №11 өрт сөндіру бөлімдерінің өртсөндірушілері жіберіледі. Өрт шыққан нысанға дейінгі арақашықтық 500 метр, cәйкесінше өртсөндірушілер 1 минуттан кейін оқиға орнында болған.

Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту түскен жерге 15 сағат 02 минутта жетті. Өрт сөндіру қызметінің жетекшісі балконның отқа оранғанын, жалынның үйдің шатырына өткендігін жеткізді. Құтқару қызметі өртке оранған пәтерде тұрғындардың бар-жоғын тексеруге аттанды. Оқиға орнына қосымша күштер мен құралдар шақыртылды, - дейді ТЖ департаменті.

15 сағат 04 минутта барлық үйде электр жарығы толық өшіріліп, өртсөндірушілер өрт сөндіруге кіріскен. Бұдан кейін 8 минуттан кейін өртсөндірушілер тағы да қосымша күштер мен құралдарды сұратқан. Себебі, тілсіз жау үйдің шатырының барлық аумағын шарпыған. Шатырдың от шарпыған конструкциялары балкондарға құлап, өрттің таралу қаупін болдырды. Қосымша күштердің келуіне қарай алты жерден өрт сөндіру жұмыстары жүргізілген. Өртсөндірушілер шатырдағы өртті ауыздықтаумен қатар, үйдегі пәтерлерден адамдарды іздеп және құтқарып, сондай-ақ, бесінші қабаттағы үйлерді оттан қорғаған.

Өртті сөндіруге қатты жел, өрттің таралу аумағының үлкен болуы, қою түтін және жоғары температурадағы жану кедергі келтірді. Сондай-ақ төрт подъездің тұрғындарын бір мезетте эвакуациялау жұмыстарын жүргізу қиынға соқты. Тілсіз жауды ауыздықтауға 98 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Пәтерлерден 37 адам қауіпсіз жерге жеткізілді, оның ішінде он бала бар. Тұрғындар арасында қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің тұрғын үйлерге және балкондарға таралуын болдырылмады. Өрт 16 сағат 23 минутта ауыздықталды, - деп хабарлады ТЖД.

Белгілі болғаны, Ә. Бөкейханов ауданының әкімдігі өртенген үйдің тұрғындарына көмектесетін болады. Әкімдік өрттен қалған қоқыстарды жинауға арнайы техника бөлмек.

Өзгелердің жаңалығы