Қарағандыда ерекше музыкалық аллея ашылды

27 Маусым 2023, 13:23
1099
Бөлісу:
Қарағандыда ерекше музыкалық аллея ашылды
Фото: Е.А.Бөкетов университеті

Қарағандыда Е.А.Бөкетов атындағы университет аумағында «Күй аллеясы» ашылды. Аллеяға келушілер қазақтың әйгілі күйшілері мен композитарларының туындыларын тыңдай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерекше аллеяда Кетбұғы, Тәттімбет, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев және басқа да күйші-композиторлардың елге танымал туындыларымен жабдықталған орындықтар қойылған. Орындықтарға адам жақындаған бетте күй шырқалады. Барлығы 17 орындық қойылған.

«Университет студенттерінің сабақтан тыс бос уақыттарында таза ауада тынығып, демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында осындай музыкалық аллея жасалды. Сондай-ақ, күйді насихаттау арқылы жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, олардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру басты назарда. Бұл жоба физика-техникалық факультет студенттерінің бастамасымен жасалды. Жоспарда университеттің 8 ғимаратының жанынан «Өлеңдер аллеясын» жасау. Ол жерде орындықтар қойылды, электр қуаты тартылды, енді тек электроника мәселесін шешу ғана қалды», - дейді университеттің ақпараттық технологиялар және телекоммуникация орталығының жетекшісі Владислав Карабасов.

Қарағандыда ерекше музыкалық аллея ашылды

«Күй аллесы» жобасы университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауында ұсынылып, университет басшылығы тарапынан қолдауға ие болды. Жобаның авторлары құрылғының баспа палатасын әзірлеуден бастап, оның корпусын, бағдарламалық жасақтамасын жасау, құрылғыны орнату жұмыстарының барлығын өздері жасаған.

«Бұл жоба үшін аспан және робототехника зертханалары, 3D басып шығару және цифрлық модельдеу зертханаларының ресурстары пайдаланылды. Орындықтарда тек күй ойнап қана қоймай, ондағы QR арқылы күйдің авторы жайлы ақпараттарды да ала аласыз», - дейді жоба авторы, студент Азамат Әбікенов.

Қарағандыда ерекше музыкалық аллея ашылды

Жоба авторларының айтуынша, «Күй аллеясы» жыл мезгілінің кез келген уақытында келушілеріне күй шырқауға әзір. Орындықтар жауын-шашынға, төменгі температураға төзімді.

Өзгелердің жаңалығы