«Қарағанды-Балқаш» тас жолы биыл толық пайдалануға беріледі

29 Наурыз 2023, 12:01
1191
Бөлісу:
«Қарағанды-Балқаш» тас жолы биыл толық пайдалануға беріледі
Фото: ortalyq.kz

Қарағанды мен Балқаш қалаларының арасын жалғайтын автобанның құрылысы биыл толық аяқталады, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жайында Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. 

Республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» тас жолының құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстары 5 жылға созылған жаңа автобан биыл толықтай пайдаланылуға берілмек. Басқарма басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, қазіргі уақытта Қарағанды-Балқаш күре жолында 5 айналма жол бар.

«Қарағанды-Балқаш» жобасы бойынша жол төсемінің 372 шақырымында автокөліктерге жол ашылған. Бес жерде айналма жол бар. Айналма жолдардың жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Биылғы жылы трассаның құрылысы толық аяқталатын болады, - деді басқарма басшысы М.Қожанов.

Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы «Қарағанды-Жезқазған» тас жолының құрылысы үстіміздегі жылы басталатынын айтты. 

Аталған тас жол бойынша жоба жасалды. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жобаны іске асыру биыл басталады деп күтілуде. Қарағандыдан Жезқазғанға дейінгі жол төрт жолақты толыққанды жол болады. Әрі қарай Қызылордаға шығады. Бұл жолдың биыл Жаңааарқадан Қарағандыға дейінгі 40 шақырымы саланады. Сонымен қатар осы жоба аясында Ақтас кенті жанындағы теміржол торабындағы кептеліс мәселесі шешілетін болады. Ол жерде келесі жылы өткел салу жоспарланып отыр, - деп атап өтті М. Қожанов. 

Өзгелердің жаңалығы