Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Қанат Исламның қарсыласы белгілі болды. Ол 21 қаңтарда АҚШ-тың Плант-Сити қаласында ұлыбританиялық Джимми Келлимен күш сынасады.
Тұманды Альбион елі өкілінің кәсіпқой рингте жиған біраз беделі бар. 29 жастағы Джимми осы күнге дейін 27 кездесу өткізіп, 25 мәрте жеңіске жетті. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Тек екі рет ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Ұлыбритания боксшының 2015 жылдың желтоқсан айында WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда өзінің отандасы Лиам Смитпен болған жекпе-жектің жетінші раундында ол техникалық нокаутпен ұтылды. Өзінің соңғы бәсекесін Келли осы жылдың 12 желтоқсанында Гарри Мэттьюсқа қарсы өткізіп, оны үшінші раундта ұрып жықты.
Ал Қанат Исламның жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 10 жылға жуық уақыт аралығында 28 рет шаршы алаңғы шығып, барлық бәсекені өз пайдасына шешкен қазақ боксшысы 22 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.