Абай облысында жол құрылысы маусымы ресми түрде ашылды. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы өңірде 834 шақырым жолға жөндеу жүргізіп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Халықаралық маңызы бар "Қалбатау-Майқапшағай" автожолының құрылысына басымдық берілмек. Мамандар жыл соңына дейін бұл бағыттағы тас жолды түгелдей қолданысқа беруді жоспарлап отыр. "Қалбатау-Майқапшағай" тас жолын жөндеу 2019 жылы басталған. Тозығы жеткен күре жолдың қолданысқа берілуін тұрғындар жылдар бойы тосып жүр.

Бүгін Облыс әкімі Берік Уәли дербес басқарма басшыларымен бірге жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақты аралады. Құрылысқа жауапты компанияның өндірістік базасында болып, жұмысшылармен кездесті. "Қалбатау-Майқапшағай тас жолынан бөлек биыл 16 көпір салынып, 100-ден астам су өткізу құрылғысы орнатылады. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы жыл соңына дейін халықарлық дәліз толық ашылатынын жеткізді.
Енді 179 шақырым жерге асфальт төсейміз. Жоспар бойынша биыл қозғалысты толық ашамыз. Арнайы материалдар мен техника жеткілікті. Қызметкерлер толық дайын. Қаражат мәселесі де шешілді. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр, - деді Дархан Иманашев.
Жалпы Абай облысында республикалық маңызы бар 2176 шақырым жол бар.

Олардың сапасы еліміз бойынша төменгі көрсеткіште тұр. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтап, олқылықтың орнын толтырамыз деп,- уәде берді мамандар.
Ал құрылыс жұмыстарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары байқылауда ұстайды.