Қырғызстан астанасында өткен IV Бішкек халықаралық кинофестивалінде қазақстандық «Qaitadan» фильмі Орталық Азия бойынша «Үздік фильм» аталымында Гран-при иеленді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
Фестиваль аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан киногерлерінің туындылары қатысқан Орталық Азия байқауы ұйымдастырылды.
«Qaitadan» соңғы жылдары ең табысты қазақстандық картиналардың бірі саналады. Фильм прокатта үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кино нарығында көш бастаған.
Бұған дейін туынды STEPPE AWARDS сыйлығының «Кинематография» аталымында да жеңімпаз атанған.
Фильм 2023 жылғы питчинг жеңімпазы ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген.