Абай облысында қоғамдық орындардағы қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері бір апта ішінде елді мекендер аумағынан 114 граффити жазуын анықтап, өшірді.
Полиция мәліметінше, олардың 60-ы есірткі заттарын насихаттайтын наркограффити болған.
Қабырғалар мен ғимараттардың сыртқы бөліктеріне салынған мұндай жазулар елді мекендердің көркіне кері әсер етіп қана қоймай, қоғамдық ортаға да теріс ықпал етуі мүмкін. Әсіресе есірткі заттары мен интернет-ресурстарды насихаттайтын жазулардың таралуына жол бермеу маңызды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары анықталған жазуларды жоюмен қатар, олардың пайда болу себептерін анықтап, заң талаптарын бұзған тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда күмәнді немесе есірткіні насихаттайтын жазуларды байқаса, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
Таза қала – ортақ жауапкершілік. Көшелердің қабырғасы заңсыз жарнама мен зиянды насихаттың алаңына емес, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз ортаның бір бөлігіне айналуы тиіс, – деп атап өтті полиция.
Еске салсақ, бұған дейін есірткі сайттарын граффитимен жарнамалаған Жетісу тұрғыны сотталғанын хабарладық. Ол ауылдағы қоршау, қақпа мен электр бағандарына тыйым салынған ресурстардың сілтемесін жазып жүрген. Сот оған 3 жыл 6 ай жаза тағайындады.
Сондай-ақ, Алматыдан Ақтауға келген 20 жастағы бойжеткен Telegram арқылы есірткі таратуды көздеп, «закладка» жасауға кіріскен. Алайда оның қылмыстық әрекеті дер кезінде әшкереленді. Сот үкімімен ол 7 жылға сотталды.