Қазақстанда мектеп оқушылары мен тәрбиеленушілерінің сабақ кезінде ұялы телефон пайдалану тәртібі бекітілді. Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 24 қыркүйектегі №282-НҚ бұйрығында телефонды қандай жағдайда қолдануға болатыны көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа ереже меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық орта білім беру ұйымдарына қатысты.
Құжатқа сәйкес, оқушыларға сабақ барысында ұялы телефонды тек үш жағдайда пайдалануға рұқсат етіледі.
Біріншіден, мұғалімнің нұсқауымен оқу тапсырмасын орындау үшін телефон қажет болған жағдайда қолдануға болады.
Екіншіден, оқушының, тәрбиеленушінің немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаса, телефон пайдалануға рұқсат етіледі.
Үшіншіден, оқушының денсаулық жағдайына байланысты ұялы телефонды қолдану қажет болған жағдайда да шектеу қойылмайды.
Бұйрықта ұялы телефонды пайдалану тәртібі барлық орта білім беру ұйымдары үшін бірдей екені белгіленген.
Құжатқа сәйкес, бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді. Алайда қазіргі уақытта бұйрық мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс.