Ақтауға «оңай ақша» іздеп барған бойжеткен 7 жылға сотталды

Алматыдан келген 20 жастағы қыздың жоспары іске аспады. Ол Telegram арқылы алған тапсырманы орындамақ болғанда қолға түсті.

25 Тамыз 2026, 18:33
АВТОР
 GROK 25 Тамыз 2026, 18:33
25 Тамыз 2026, 18:33
114
Фото: GROK

Алматыдан Ақтауға келген 20 жастағы бойжеткен Telegram арқылы есірткі таратуды көздеп, «закладка» жасауға кіріскен. Алайда оның қылмыстық әрекеті дер кезінде әшкереленді.

Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, бойжеткен синтетикалық психотроптық заттарды «тығын» (закладка) тәсілімен тарату мақсатында Ақтау қаласына келген. Жедел іс-шара барысында оның жанынан есірткі заттарының 27 орамы тәркіленген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралды. Ақтау қалалық сотының үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратура Telegram мессенджерінде «оңай табыс», «курьер» немесе «закладка» секілді жұмыс ұсынатын хабарламаларға сақ болуға шақырды.

Мұндай ұсыныстар – ақша табудың оңай жолы емес, қылмыстық жауаптылыққа апаратын жол. Бірнеше мың теңге үшін өміріңізді құртып алмаңыз, – деп ескертті прокуратура.

Еске салсақ, Ақтауда полиция күдік тудырған азаматты ұстады. Жеке тінту кезінде одан «Тропикамид» және «Прегабалин» күшті әсер ететін заттар мен есірткіге ұқсас ұнтақ табылып, тәркіленді.

Сондай-ақ, Маңғыстауда шаруашылық нысанынан 83 келі есірткі табылды. Полиция жедел ақпарат бойынша нысанды тінтіп, бес қап марихуана тәркіледі. Оқиғаға қатысты 27 жастағы күдікті ұсталды.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтауда есірткіге масаң күйде көлік жүргізгендер ұсталды: Пәтерден 100 грамнан астам апиын табылды 

Наверх