Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Президенттің кадрлық өзгерістерінің себебі неде?

29 Қыркүйек 2025, 10:29
753
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының кадрлық өзгерістерінің себебі неде екенін түсіндіріп берді. Бұл туралы ол Telegram-дағы ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі. 

Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады, - деп жазды Руслан Желдібай.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі.

Бүгін Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қызметін қарапайым мұғалім болып бастағаны жайлы жаздық.

Сондай-ақ 2025 жылғы 26 қыркүйекте ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып келген Ермек Көшербаев Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұл – оның дипломатиялық мансабын бастаған жүйеге қайта оралуы. Алайда маңыздысы – бар-жоғы жеті ай вице-премьер болған кезеңінде айтарлықтай із қалдырды. Ал нақты қандай іс атқарып, із қалдырғаны жайлы толығырақ BAQ.KZ шолуынан оқи аласыздар.

Ермек Көшербаевқа дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу (03.04.2023 ж., қайта тағайындалды – 06.02.2024-26.09.2025) болды. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды. Әзірге бұл орынға ешкім тағайындалған жоқ.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Хозеұлы Қазыхан Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылып, Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымынан босатылды.

Келесі кадрлық өзгеріс еліміздің Бас прокуратурасында болды. Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Тәшімбаев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары лауазымынан босатылып, орнына Жандос Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы