Президенттік жастар кадр резерві: Келесі кезеңге 170 үміткер өтті

16 Қараша 2023, 16:09
448
Бөлісу:
Президенттік жастар кадр резерві: Келесі кезеңге 170 үміткер өтті
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында іріктеудің кезекті кезеңі «Құзыреттерді бағалаудың» бірінші блогы – Ассессмент-орталықтан өткен тұлғалардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ассессмент-орталық арқылы құзыреттерді бағалау офлайн форматта 19-24 қазан аралығында өткізілді.

Ассессмент-орталық – бұл кәсіби құзыреттердің даму деңгейін анықтау және нақты жұмыс жағдайына жақын іскерлік ойындарға тарту арқылы әлеуетті анықтау, кандидаттар қызметінің негізгі элементтерін модельдеуге негізделген жеке және топтық жағдайларды шешуде құзыреттерді кешенді бағалау әдісі. Құзыреттерді бағалау үшін сертификатталған бағалаушылар мен супервизорлар тартылды.

Ассессмент-орталығына 244 үміткер қатысып, оның қорытындысы бойынша «Құзыреттерді бағалау» кезеңінің екінші блогы «Құзыреттілік бойынша сұхбатқа» 2,22 және одан жоғары балл жинаған 170 кандидат жіберілді, - делінген хабарламада.

Құзыреттілік бойынша сұхбат 20-24 қараша аралығында онлайн-форматта өтеді. Жеке тереңдетілген сұхбат жүргізу үшін кәсіби HR-сарапшылар тартылады. Ол кандидаттың құндылықтар бағдарын көрсететін құзыреттерін және ішкі ынта-жігерін анықтауға, сондай-ақ белгілі бір жағдайларда кандидаттың мінез-құлық үлгілерін болжауға бағытталған.

Іріктеу тәртібіне сәйкес ең жақсы нәтиже көрсеткен 170 үміткер үшін сұхбатқа тіркелу алдыңғы блокқа ұқсас онлайн-платформада жүзеге асырылады. Сұхбат нәтижелері бойынша келесі кезең – «Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге» 150-ден аспайтын кандидат жіберіледі, - деп жазды дереккөз.

Іріктеу жеңімпаздары осы жылдың желтоқсан айында жарияланады. Қорытындысы бойынша резервке 50 адам қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы