Президент жолдауын үкімет қалай жүзеге асырады?

10 Қыркүйек 2019, 10:02
2483
Бөлісу:
Президент жолдауын үкімет қалай жүзеге асырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауын іске асыру үшін үкімет қандай іс-шаралар атқарады?  

Бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Жолдауды жүзеге асыру бойынша жоба 5 бағыт және 81 іс-шарадан тұратынын айтты.

«Қазіргі заманғы тиімді мемлекет» I бағыты бойынша  жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған 11 іс-шараны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында - азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ке қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген. Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын және Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар әзірленетін болады», - дейді Әлихан Смайылов.

Президент жолдауындағы II бағыт «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бойынша сот шешімдерінің мониторингісі мен судьяларды бағалауды енгізу, «Сот практикасының сандық аналитикасы» жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжірибе негізінде әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылады екен. 

«Жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмыстарды, браконьерлік, әкімшілік әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар енгізу бойынша 5 заң қабылдау жоспарлануда. 2020 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін қарулы күштер мен әскери құрылымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады», - деді вице-премьер.

III бағыт «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика»бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюджет заңнамасы бойынша 27 іс-шара іске асырылады. 

«Микро және шағын бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» аясында жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылады. Микро және шағын бизнес табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Бұдан басқа, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізе отырып, талдау жүргізілетін болады», - деді ол.

IV бағыт «Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» бойынша 18 іс-шара қарастырылған. 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылады. Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады», - деді Әлихан Смайлов.

Ал V бағыт «Мықты өнірлер – мықты ел»  бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған. 

«Жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралатын болады, бюджеттің 4-деңгейіндегі кірістерді кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді, 3 ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға берілетін болады. «Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Мемлекет  басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді және сайлауалды тұғырнамасын шешуді қамтамасыз етеді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белгіленген мерзімдерге сәйкес, іс-шараларды толық тәжірибелік іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Жұмыстарды үйлестіру үкіметтің жобалау офисінде болады», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы