Президент жастар тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды

17 Маусым 2023, 11:35
2779
Бөлісу:
Президент жастар тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды
Фото: BAQ.KZ Архив

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кез келген тұжырымдама немесе доктрина қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Әйтпесе, бәрі жасанды болып шығады. Ондай идеяны халық қабылдамайды. Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын, - деді қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол жастар туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүргенін айтты.

Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр, - деді ол.

Президент аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеу керек екенін айтты.

Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ, үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы