Президент саясаткер ретінде өзіне тән прагматикалық бағытты ұстанып отыр - сарапшы

27 Сәуір 2020, 15:30
1656
Бөлісу:
Президент саясаткер ретінде өзіне тән прагматикалық бағытты ұстанып отыр - сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантинге байланысты мәлімдеме жасады. Төтенше жағдайдың 11-мамырға дейін ұзартылатынын айтты. Осы орайда сарапшылар мен саясаттанушылар мемлекет басшысының бұл шешімін қолдап, қазіргі кезеңде халық үшін ең тиімдісі осы деп баға беруде. Соның бірі - Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев. 

Оның сөзінше, бүігін мемлекет басшысы экономика мен қалыпты өмірге оралу үшін алғашқы тестік шешімдерді қабылдады, деп хабарлады Strategy2050.kz.

Саясаттанушы өз парақшасында ел президенті үндеуіндегі негізгі ойларға тоқталып, оның прагматикалық бағытты ұстанатын жолды таңдағанын атап өткен.
Біз күткен президент үндеуі де жарияланды. Мемлекет басшысы прагматикалық бағытты ұстанатын жолды таңдады. Карантин Қазақстанда созылады. Бірақ бизнестің кейбір бөлігіне ішінара жеңілдіктермен қызметін бастауға Республика аумағында рұқсат беріледі. Үндеудегі негізгі ойларға тоқталсам, карантин режимі 11-мамырға дейін жалғасады. Астана мен Алматы арасындағы авиарейс 1 мамырдан бастап қызметін ашады. Астана тәжірибесімен мемлекеттің барлық аумағындағы құрылыс саласы, жол құрылысы, банктер мен ЦОН орталықтары, өндірістік кәсіпорындардың жұмысы іске қосылады. 42 500 теңгеге өтініш берген 4 миллион 250 мың азаматқа екінші айда да жәрдемақы төленеді. Қайта өтінім берудің қажеті жоқ, - деп жазады ол.
Осылайша, президенттің бастамасымен қолға алған шараларға тоқталып өткен. Сонымен бірге Бауыржан Серікбаев індеттің таралуы бәсеңдемей, асқына берсе, карантин режимі күшейтіліп, тағы созылуы мүмкін екенін айтады.
Жоғарыда аталған шаралардың бәрі қатаң бақылаумен іске асады. Менің ойымша президент карантинді ұзарта отырып, екі ірі қаладағы авиарейсті ашу, мемлекет аумағындағы экономикаға маңызды кәсіпорындар мен бизнеске еңбек етуге рұқсат беру арқылы саясаткер ретінде өзіне тән прагматикалық бағытты ұстанып отыр. Егер 11 мамырға дейін індет бәсеңдеп, қабылданған іс-шаралар дұрыс нәтижесін көрсетсе, ақырындап экономиканың өзге де секторлары қызметін бастайды. Егер асқынып кетсе, карантин режимі күшейтіліп, тағы да созылуы мүмкін. Қазіргі шешім екі жағдай орын алғанда да кері шегінер кеңістік қалдырған парасатты жол, - дейді ол.

Бұдан бөлек сарапшы басқа елдердің індетпен күрес жағдайын тоқталып, карантиннің 11-мамырға дейін созылуын есептелген дұрыс қадам деп жазады.
Елімізде карантинді тоқтатуды қалаған топтар да бар. Армения, Грузия секілді елдер 15 мамырға дейін ұзартты. ТМД-ның кейбір елдері 11 мамырға дейін ұзартуға шешім шығарды. Ресей экономиканың кейбір секторларын ашу үшін іс-шараларды қабылдауды қолға алды. Қазақстан карантинді 11 мамырға дейін ұзарта отырып, бизнесті ішінара ашуға жол беріп, экономика мен қалыпты өмірге оралу үшін алғашқы тесттік шешімдерді қабылдады. Өлшеп, есептелген дұрыс қадам, - деп түйіндеді.

Өзгелердің жаңалығы