Президент: Өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек

29 Мамыр 2023, 15:00
754
Бөлісу:
Президент: Өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек
Фото: Ақорда

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты. Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.

Мемлекет басшысына берілген мәліметтен:

Облыста жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл – республика бойынша өндірілетін сүт көлемінің 10 пайызы

Соңғы бес жылда облыста 16,5 мың бас ірі қараға есептелген 30 сүт фермасы ашылды. 

Биылдан бастап тағы да 17 тауарлық сүт фермасын ашу үшін қосымша 54,9 млрд теңге бөлінеді. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 миллиард теңгеге 35 жоба қаржыландырылған. 

Мемлекет қолдауымен 21 сүт фермасы және 2 құс фабрикасы ашылды. Тағы бір құс фабрикасы алдағы уақытта пайдалануға беріледі. 

Ет өнімдерін шығаруға маманданған «EMC-Агро» ЖШС кешеніндегі мал саны 200 мың басқа дейін көбейіп, қосымша 180 жұмыс орны ашылмақ. Май сығатын зауыт, жылыжай, суармалы егістік, асыл тұқымды қой шаруашылығы секілді бірнеше бағытта түрлі жоба жүзеге асырыла бастаған.

Өзгелердің жаңалығы