Президент Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты

15 Шілде 2021, 17:02
2282
Бөлісу:
Президент Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті шығыстанушы және дінтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, дипломат Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Дербісәлінің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.


Әбсаттар Бағысбайұлы еліміз үшін еселі еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басталған ұстаздық жолы жемісті болды. Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде ғылымға терең бойлап, монографиялар мен құнды еңбектер жазды. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саясаты саласында қызмет етіп, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастық байланыстың өркен жаюына атсалысты, - деп жазылған Президенттің жеделхатында.


Сондай-ақ Президент Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болған тұсында ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне қомақты үлесін қосқанын атап өтті.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Әбсаттар қажы Бағысбайұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз көрнекті ғалымның есімін әрдайым ардақ тұтады, - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Белгілі дінтанушының өмірден өткендігі туралы суыт хабар бүгін таңертең белгілі болған еді. 

Өзгелердің жаңалығы