20 маусымнан бастап 6 елге халықаралық рейстер жанданады

12 Маусым 2020, 16:12
1393
Бөлісу:
20 маусымнан бастап 6 елге халықаралық рейстер жанданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арнайы комиссияның шешімімен 20 маусымнан бастап Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузия мен Жапонияға халықаралық рейстер кезең-кезеңмен жаңартылатын болды.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, эпидемиологиялық жағдайдың деңгейін ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) картасына сәйкес 2020 жылғы 20 маусымнан бастап Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузия мен Жапонияға халықаралық рейстер кезең-кезеңмен жаңартылады, - делінген хабарламада.

Халықаралық бағыттар бойынша рейстер саны әуе қатынасы туралы қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде және әр бағыт бойынша әуе кемелерінің коммерциялық жүктемесіне байланысты орындалатын болады.

Рейстер мен билеттерді сату әуекомпаниялардың сайттарында жарияланған кестеге сәйкес азаматтардың жоғарыда аталған елдермен мемлекеттік шекаралар арқылы өтуіне шектеулер алынып тасталуына және Қазақстан мен тиісті елдер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда, эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай жүзеге асырылатын болады, - делінген комиссия шешімінде.


Өзгелердің жаңалығы