Перудегі екі жер сілкінісінен алты адам қаза тауып, 21 адам жараланды

Алдын ала мәлімет бойынша, 48 тұрғын үй толық қирап, тағы 18 үй зақымданған.

 REUTERS/Yershon Vilca 20 Шілде 2026, 00:30
20 Шілде 2026, 00:30
528
Фото: REUTERS/Yershon Vilca

Перудің орталық бөлігінде болған екі жер сілкінісі салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды. Бұл туралы елдің Азаматтық қорғаныс институтының басшысы Луис Васкес мәлімдеді.

Перу Ұлттық сейсмологиялық орталығының мәліметінше, 5,1 және 3,7 магнитудалы жер сілкіністері 19 шілдеге қараған түні Хунин өңіріндегі Чупака провинциясында, астана Лимадан шығысқа қарай шамамен 300 шақырым қашықтықта тіркелген.

Ал Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы алғашқы жер сілкінісінің магнитудасын 5,6 деп бағалады.

Алдын ала мәлімет бойынша, 48 тұрғын үй толық қирап, тағы 18 үй зақымданған. Табиғи апаттан кейін шамамен 300 адам уақытша шатырларға орналастырылды.

Жексенбі күні таңертең апат аймағына құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жіберіліп, үйінділерді тазарту және тірі қалғандарды іздеу жұмыстары басталды. Билік үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Перу әлемдегі сейсмикалық белсенділігі ең жоғары аймақтардың бірі саналатын Тынық мұхитының Отты белдеуінде орналасқан.

 

Наверх