«Peer To Peer» жобасының еріктілері мектеп оқушыларын тегін оқытады

22 Мамыр 2024, 13:25
508
Бөлісу:
«Peer To Peer» жобасының еріктілері мектеп оқушыларын тегін оқытады
Фото: автордан

Қарағандыда бірнеше мектептің үздік оқушылары әлеуметтік осал отбасылардың балаларын тегін оқытып, қосымша білім бермекші, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандының «Отбасын қолдау орталығында» тағы бір ізгі жоба бастау алды. Бұл жолы қаланың Білім инновация лицейі мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектебінің үздік оқушыларынан құралған «Peer To Peer» еріктілер тобы инклюзивті отбасылардан шыққан балалардың білім беру мүмкіндіктерін жақсарту жолында қолдау көрсетпек.

«Peer To Peer» жобасының еріктілері мектеп оқушыларын тегін оқытады

Біздің жобамыздың мақсаты көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың және қамқоршысы жоқ балалардың тегін білім алуына мүмкіндік беру. Әр адам әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Яғни, ата-аналар балаларының білімі үшін қосымша қаржыға репетитор жалдамай, біздің еріктілердің көмегіне жүгіне алады. Жобамыз наурыз айынан жоспарланып, алғашқы қадамын онлайн режимде сәуір айында бастаған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 112 еріктіміз бар. Олардың басым көпшілігі еліміздегі түкпір-түкіпірінде орналасқан Білім инновация лицей-интернаттарының оқушылары. Бүгінгі таңда «Отбасын қолдау орталығы» бізге осы жобамызды офлайн жүргізуге мүмкіндік беріп, оқыту кабинеттерін беріп отыр, - дейді Білім инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Дарина Аданова.

«Peer To Peer» жобасының еріктілері мектеп оқушыларын тегін оқытады

Еріктілердің айтуынша, Қарағанды қаласында 50 озат оқушы өздерінің білімдерімен бөлісіп, оқушылардың офлайн режимде сапалы білім алуларына мүмкіндік бермек. Сабақтар Қарағанды қаласы жұмыспен қамту бөліміне қарасты Отбасын қолдау орталығының ғимаратында өтетін болады.

«Отбасын қолдау орталығы» көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар балаларға және басқа да әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді. Білім инновация лицейінің оқушылары бізге өздері ұсыныс жасады. Олар да әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін оқытуға ниет білдіріп отыр. Біз өз тарапымыздан еріктілердің бастамасына қолдау көрсетіп, семинар ұйымдастырдық, - дейді Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Айкерім Еркін.

Бүгінде еліміз бойынша «Peer To Peer» жобасының 112 еріктісі Қазақстанның барлық өңірлерінде білім беруді жақсартып, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, қосымша білім беруді барлық оқушыларға қолжетімді етіп, онлайн түрде көмектесуге әзір.

«Peer To Peer» жобасының еріктілері мектеп оқушыларын тегін оқытады

«Peer To Peer – Оқушы оқушыға» жобасының еріктілері халықаралық, республикалық олимпиадаларда жүлдері орындар иеленіп жүрген озат, алғыр, дарынды оқушылардан құралған. Алдағы жаз айларында еріктілеріміз мектеп бағдарламасын игеруде қиындықтарға кездескен оқушыларға білім беретін болады. Жобаның мақсаты – оқушылармен бір толқында, бір көзқараста, бірлесе жұмыс жасау. Біздің еріктілер 1-9 сынып аралығындағы мектеп оқушыларына математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия және басқа да пәндер бойынша мектеп бағдарламасын тереңдетіп меңгеруіне көмектесетін болады. Біз білімге ұмтылыс – жарқын болашақтың есігін ашады деп санаймыз. Қазіргі уақытта білім алудың маңызды екендігін басқаларға да түсіндіргіміз келеді. Кез келген ортада, кез келген жерде, қандпай жағдай болмасын адамдар білім, ғылым саласында озық адамдарды таңдайды. Сондықтанда біз оқушылардың қандай жағдай болмасын бірдей білім алуларына мүмкіндіктерін ашқымыз келеді, - дейді Білім инновация лицейінің оқушысы Адина Абсадыкова.

Қазіргі таңда еріктілерден құралған топ мектеп бағдарламасы бойынша қосымша білім алғысы келетін еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды онлайн түрде тегін оқытуда. Офлайн репетиторлық сабақтар 1 маусымда басталады. Оған дейін еріктілер қосымша білім алғысы келетін оқушыларды тіркеп, ата-аналармен бірлесе сабақ кестесін құрады.

Біз ата-аналарға сауалнама толтыруды ұсынамыз. Сауалнамада ата-аналар баласының қандай пәндерді тереңдетіп меңгергенін қалайтындығын, қандай уақыт ыңғайлы екендігін көрсетеді. Осы бойынша еріктілерге балаларды бөлетін боламыз. Офлайн сабақтар жаз бойы жүргізіледі. Ал онлайн сабақтарды әрі қарай жалғастырып, кемінде 2 жыл жүргізуді жоспарлап отырмыз. Біздің қосымша сабақтардың тағы бір ерекшелігі – бізде 1 баламен 1 ерікті жұмыс жасайды. Яғни бір балаға бір ерікті жауап береді, көңіл тек 1 балаға ғана бөлінеді. Жеке репетиторлық кезінде білім алу процесі жақсы жүретін болады. Біз өз білімімізбен басқалармен де бөлісу арқылы балалардың білімге деген қызығушылығын оятқымыз келеді, - дейді еріктілер.

16 жастағы еріктілер өз бастамаларына оқушылардың ғана емес, ата-аналардың барынша жауапкершілікпен қарап, балаларының білім алуларына қолдау көрсетіп, мүмкіндікті пайдаланылуларын сұрады. Қосымша сабақтар оқушылардың сұранысына қарай, қазақ, орыс тілдерінде жүргізілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы