Павлодарлық кәсіпорындар жұмыс күнін Әнұран шырқаумен бастады

4 Маусым 2021, 16:22
1978
Бөлісу:
Павлодарлық кәсіпорындар жұмыс күнін Әнұран шырқаумен бастады
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері Рәміздер күнін Әнұранды орындаумен бастады.

 Пандемия салдарынан қашқытықтан жұмыс істеген мамандардың қатарында жұмыс орнына алғаш рет келгендер болды. Мәселен, жүздеген маман еңбек ететін трамвай басқармасының ұжымы бір адамдай сап түзеді. Әнұранды орындап, жолға шықты. Кондукторлар мен қызметкерлер мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін осылайша білдірді.

«Мемлекеттік мерекелерді үзбей атап өтеміз. Біздің ұжым қоғаммен жұмыс істейтіндіктен, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегісі келеді. Бұл бағытта тәрбиелік жұмыстарды жүргіземіз. Бүгін таңертең Әнұран барлық трамвайларда шырқалды», - дейді Павлодар трамвай басқармасының басқарма басшысының орынбасары Виталий Сирик.
Павлодарлық кәсіпорындар жұмыс күнін Әнұран шырқаумен бастады

Бүгінгі таңда облыс орталығындағы трамвайлар күнбе күн 46 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды. Рельсті көлік қала маңындағы өндіріс ошақтарының мамандарын тасымалдауда аса маңызды. Қазіргі таңда тасымалдаушы кәсіпорында 400-ге жуық маман еңбек етеді.

Рәміздер күнін қала халқы да белсенді атап өтті. Облыс орталығындағы Мемлекеттік рәміздер алаңына адам көп жиналды. Адрагерлер кеңесінің «Ертіс әуендері» хоры мен жас әншілер жиналып, бірге ән шырқады. Қос ұрпақ өкілдері қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Павлодарлық кәсіпорындар жұмыс күнін Әнұран шырқаумен бастады

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаевтың айтуынша, кеңес өкілдері биылғы жылы екі мерекені қатар атап өтеді.

«Биылғы жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Ардагерлер кеңесінің ашылғанына да 30 жыл. «Ертіс әуендері» хорының құрамында 45 белсенді азамат бар. Егде жасқа келіп қалсақ та, белсенді болғымыз келеді. Көңіліміз жас. Оған қоса, жас әртістерімізге қолдау көрсеткіміз келеді», - дейді Кенже Кеңесбаев.

Павлодарлық кәсіпорындар жұмыс күнін Әнұран шырқаумен бастады

Бүгін жазғы лагерьлерде де Әнұран шырқалды.

Еске салсақ, облыс орталығындағы Мемлекеттік рәміздер алаңы ең ірі Ту орнатылған. Тудың көлемі 7-де 14 метрді құрайды. Ал Ту ілінген бағананың ұзындығы 30 метрден асады.

Өзгелердің жаңалығы