Павлодар қаласында сәбиімен бірге көшеде келе жатқан әйелдің басына көпқабатты үйден лақтырылған мұз кесегі түсіп, ауыр жарақат алды. Оқиға 8 шілде күні болған. Оқиғаның сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнежазбадан мұз кесегі әйелдің басына қатты соққы болғанын көруге болады. Соққының салдарынан әйел басын ұстап отырып қалады. Сол сәтте қолындағы бесікарбаны еріксіз жіберіп алып, арба еңіспен төмен қарай сырғып кетеді. Жарақат алғанына қарамастан, әйел дереу орнынан тұрып, жүгіріп барып бесікарбаны ұстап үлгереді.
Оқиғадан кейін зардап шеккен әйел жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның басындағы алты жеріне тігіс салған.
Аталған оқиғаға қатысты Павлодар облысының полициясы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, зерделеді, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ басқа да қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Бейнежазбада жәбірленушінің үстіне заттың құлаған сәті тіркелген, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында мұздың құлауына жауапты болуы мүмкін тұлғаны анықтау және оны заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін қажетті барлық шаралар қабылдануда.
Сондай-ақ полиция бұл қылмыстық істің Павлодар облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.