Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

5 Желтоқсан 2021, 14:22
4114
Бөлісу:
Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ. Ертіс-Баян өңірін екі күн бойы жырға бөлеген облыстық аламан айтыс мәресіне жетті.

Бұл аймақта мұндай ерекше айтыс бұрын-соңды болмаған. Ерекшелігі сол, жыр додасында облыстың үлкен-кіші барлық дерлік ақыны қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған айтыс аламанына отызға жуық ақын түсті. Олардың ең жасы 18-де болса, ең үлкені 73 жастағы ардагер айтыскерлер. Тағы бір ерекшелігі – қомақты жүлде қорында.

Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

Желтоқсан айының 3-4 күндері Павлодар облысының әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке тағзым» атты ақындар айтысы өтті. Аймақтың әр қала, ауданынан келген 28 ақын қатысты. Оларға арнайы шақырылған құрметті меймандар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғалым Жайлыбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ-дың профессоры, талай республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы Аманжол Әлтаев бастаған қазылар төрелік етті.

Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

Аты облыстық болғанымен, деңгейі республикалық, халықаралық айтысқа тең болды. Жергілікті жұртшылықтың айтысқа сусындап қалғанын да көріп отырмыз. Талай тектілердің кіндігін кескен, бесігін тербеткен киелі мекеннің көрермендерінің ықыласына, адал көңіліне де риза болдым. Ақындардың деңгейі де өте жоғары. Қай-қайсысы болса да үлкен аламанға шығаруға лайықты, - деді қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай.

Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты әдебиетіміздің ақберен жанры, бекзат өнеріміз айтыстан да біраз уақыт қол үзіп қалғанымыз белгілі. Расымен, екі күн бойы айтыс өткен қарашаңырақ, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ театрының көрермендер отыратын залының толы болғанын, жұртшылықтың сағаттап тапжылмай, ақындарға шабыт беріп отырғанын көз көрді. Ақындар да аянып қалмады. «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев, елімізге белгілі айтыскерлер Рауан Қайдаров, Қуанышбек Шармановтар жасындай жарқылдады. Отты жырымен көрерменнің ерекше ықыласына бөленген Абзал Қабдраш, қобыздың сарынымен бірде күңірентіп, бірде жадыратқан Бөкен Жігер, түйдек-түйдек ойларымен, терең толғауларымен Мизан Жұмалі, Қайролла Хафиз, Оразбек Саяхат сияқты жастар айтыстың жаңалығы болды. Бұл ретте, аймақта айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, талай ақынды баптап шығарған белгілі ақын, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбектің еңбегі орасан. Мұны облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та ерекше атап өтті.

Тәуелсіздіктің торқалы тойына орай аламан айтыстың өтуі игі дәстүр деп білемін. Ел егемендік алған 30 жылдың ішінде өңірімізде айтыс ақындарының үлкен шоғыры қалыптасты. Бұл ретте, жергілікті «Желдірме» ақындар мектебінің үлесі зор. Елдің сөзін сөйлеу, күрмеулі мәселелерді өнер тілімен жеткізу жауапкершілігі зор іс. Ақындарымыз абырой биігінен түспесін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, - деді аймақ басшысы.

Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

Қазылар алқасының шешімімен облыстық аламан айтыстың Бас жүлдесі және 2 млн теңге сыйақы Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Бірінші орынға тағайындалған 1 млн теңге жас талант Абзал Қабдраштың еншісінде. Екі ІІ-ші орынды Қуанышбек Шарманов пен Рауан қайдаров үлестіріп алды. Олардың әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Ал екі ІІІ-ші орынға Мизан Жұмалі мен Бөкен Жігер тұрақтады. Жас ақындар 500 мың теңгелік жүлдені иеленді. Бұдан бөлек бірнеше ақынға 150 мың теңге арнайы жүлде, әрбір қатысқан ақынға 100 мың теңгеден үлестірілді. Бұдан бөлек, көрермендер арасынан кәсіпкер, меценат Асылбек Туғанбай екі ақын, Оразхбек Саяхат пен Айбек Оралханға арнайы қаржылай жүлде табыстады.

Павлодарда өткен ақындар айтысында Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені иеленді

Аламан жыр додасы аясында аймақтың айтыс өнерінің ардагерлері Бейсенбі Мұқажан, Жұмкен Сейітов, Шолпан Байғалы, Қанат Шайғазин, Балтабай Сыздықов облыстық мәдениет басқармасының алғаш тағайындаған «Руханият» медалімен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы