Павлодарда «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды

4 Наурыз 2023, 07:35
1728
Бөлісу:
Павлодарда «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды
Фото: atr.kz

Ауыл оқушыларына арналған білім додасы – «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, биылғы олимпиадаға қатысу үшін өтінімдер 1 наурыз бен 30 наурыз аралығында қабылданады. Оған тіркелу 1000bala.elumiti.kz сайтында қолжетімді. Олимпиадаға соңғы екі оқу жыл ішінде Қазақстанның ауыл мектептерінде білім алып жатқан 6-сынып оқушылары қатыса алады.

Биылғы қатысушылар үшін бірнеше жаңалығымыз бар. Алғашқысы, 2023 жылғы олимпиадаға тек 6-сынып оқушылары қатыса алады. Екіншісі, биыл мұғалімдер тіркеуден өтті. Олимпиада қорытындысы бойынша оқушылары жеңімпаз атанған мұғалімдерге сертификат берілетін болады, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, биыл сайтта өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін тренажер іске қосылды https://ro.elumiti.kz/

«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. I кезең 2023 жылдың сәуір айының 3-ші мен 7-сі аралығында өтеді. Тестілеу онлайн-форматта өткізіледі. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтетін болады.

II кезең 2023 жылғы сәуір айының 26 мен 28 аралығында өңірлік тестілеу орталықтарында күндізгі форматта өтеді. Қатысушылар II кезеңде математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өту қажет.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасы ауылдық жерлерде оқитын 6-сыныптың ең қабілетті 1000 оқушысын анықтап, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік береді. Олимпиаданың бес мың финалисі Birge oqý онлайн-мектебінде тегін оқи алады, - дейді басқарма берген ақпаратта.

Бұл олимпиаданың ауыл оқушыларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін бірегейлігін ерекше айта кету керек. «Мың бала» олимпиадасына қатысу тегін.

Өзгелердің жаңалығы