Павлодарда ер адам полиция бөлімшесінде ойран салды. Оған қандай жаза қолданылған Павлодар облысы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылғы 1 қарашада сағат 05:00 шамасында ер адам Павлодар қаласының солтүстік полиция бөлімінің бақылау-өткізу пунктінде бола тұра, қазына мүлкін қасақана бүлдірген. Атап айтқанда жұмыс үстелін, QMAX мониторын, Delux процессорын, жеткізілген және ұсталған адамдардың жеке заттарын сақтауға арналған шкафты, дабыл сигнализациясының түймесін, кабель арналарын, қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің (СКУД) автономды контроллерін, қуат блогын зақымдап, сымдарды үзіп тастаған. Келтірілген материалдық залал 200 000 теңгені құрады.
«Сот отырысында Ш. әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін мойындады. Жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Құқық бұзушылықтың мән-жайларын, оны жасау уақыты мен орынын даулаған жоқ. Материалдық залалды өтеуге міндеттенді», – деп атап өтті сотта.
Полиция инспекторы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы қолдады. Оның айтуынша, көрсетілген күні азамат Ш. Солтүстік полиция бөліміне жеткізіліп, бақылау-өткізу пунктінде болып, жоғарыда аталған мүлікті қасақана бүлдірген. Келтірілген залал туралы ұсынылған анықтамаға сәйкес, залал мөлшері 200 000 теңгені құраған.
«Сот қаулысымен азамат Ш. ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-б. 1-б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Қаулы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Оралда көліктегі нөмірге балағат сөз жазып қойған жігіт жазаланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада оқушы қыз екі сыныптасына пышақпен шабуыл жасады
Астанада көлігімен тротуарда жүрген Changan жүргізушісіне айыппұл салынды
Қазақстанда 7 жасөспірім «жарылғыш заттар» туралы жалған қоңырау шалғаны үшін жазаланды