Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы Бахрейндегі АҚШ-тың екі әскери нысанындағы Patriot әуе қорғанысы жүйесінің радарларына зымыран және дрондармен соққы берілгенін хабарлады.
Тегеран мұны АҚШ-тың Иран әуе кеңістігін бұзуына жауап деп атады. Алайда шабуылдың нәтижесі әзірге тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ.
Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) Бахрейндегі АҚШ-тың екі әскери базасына – Шейх-Иса мен Әл-Джуфейрге шабуыл жасады. Бұл туралы Иранның Fars агенттігі хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, соққы АҚШ-тың әрекеттеріне жауап ретінде жасалған.
Бахрейн Ішкі істер министрлігі X әлеуметтік желісінде Иран шабуылы салдарынан азаматтық өнеркәсіп нысанында өрт шыққанын мәлімдеді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Ведомство нақты қай нысанның өртенгенін айтпады. Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныс қызметтері өртті сөндіріп жатыр.
Кейін КСИР жеке мәлімдеме жасап, Иранның әуе кеңістігін америкалық MQ-1 және MQ-9 ұшқышсыз ұшу аппараттары бұзғаннан кейін АҚШ-тың Эр-Рифа және Авали базаларындағы позицияларына соққы берілгенін хабарлады. Корпустың мәліметінше, екі Patriot әуе қорғанысы жүйесінің радары жойылған.
Ал Бахрейн қорғаныс күштері Иранның бірқатар нысанасын әуеде қағып түсіргенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, құлаған сынықтар аздаған материалдық шығын келтірген, зардап шеккендер жоқ.